Біздің елде де бұл қосымшаны қолданушылар саны күн сайын артып келеді. Тик-Ток желісінде қолданушы дайын аудиоларды пайдаланып, қысқа видеолар түсіреді. Оны көңіл көтеру мақсатында көбіне жастар қолданады.
Тик-Токта көбінесе ашық киінген қыздар камера алдында билеп, жігіттер ерсі қылықтарымен елдің есін шығаратыны ақиқат. Жай ғана мазақ қылу, жерге таптау басым. Жастар мұны әзіл ретінде қабылдап отыр. Құранды, атақты адамдарды келеке еткен жағдай да болды. Ненің ақ, ненің қара екенін білмейтін жеткіншектер ішінде олардың әрекетін қайталап, жаман әдетке еліктейтіндері де табылады. Олардың арасында маңызды тақырыпта видео түсіретіндері де жоқ емес.
Ислам діні заманауи технологияны, өмірге енген жаңалықтарды, соның ішінде интернетті қолдануға рұқсат береді. Бірақ оның шариғат шеңберінде болуын талап етеді. Сондықтан интернет желісі арқылы өзгелермен байланыс жасағанда, мұсылман адам шариғатта рұқсат етілген істерді орындап, тыйым салынған істерден сақтану керектігін ескеруі қажет.
Алла Тағала: «Уа, иман еткендер! Аллаға тиісінше тағзым етіңдер әрі Оған қарсы келуден барынша сақтаныңдар, сондай-ақ (ісі де, сөзі де түзу, Аллаға берген уәделеріне берік) шыншыл жандармен бірге болыңдар!», – деп бұйырған («Тәубе» сүресі, 119-аят). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қайда болсаң да, Алладан қорық (тақуа бол). Жамандықтың артынан жақсылық істе. Бұл (жақсылық) оны (жамандықты) өшіреді. Адамдарға көркем мінезбен мәміле ет!» – деген (Тирмизи).
Интернетте отырған адамның ең алдымен ниеті түзу болу керек. Тақуа, жақсылық істеуші және көркем мінезді болуы шарт. Пайдасы жоқ, мәнсіз нәрселерден аулақ болу қажет. Уақытын зая кетірмей, Құдайдың берген өмірін қадірлеуі тиіс, оны барынша дұрыс пайдалану керектігін, оның әрбір сәті үшін ақыретте жауап беретінін ұмытпау керек. Сондай-ақ мұсылманның уақыты, күші, ақылы және зейіні пайдалы нәрселерге ғана жұмсалуы тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіңе пайдасы тиетін нәрсеге құштар бол және Алладан жәрдем сұра!» – деген (Мүслім).
Сонымен қатар интернет арқылы жалған хабарлар, суреттер және бейнежазбалар таратпау, алдамау талап етіледі. Біреуді кемсітуге, мазақтауға тыйым салынады. Көпшілікті күлдіруге әрекет ету дінімізде құпталмайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Күлкі үшін мүлде болмаған оқиғаларды ойдан шығарып айтатындар неткен бақытсыз, неткен бақытсыз, неткен бақытсыз!» – деп ескерткен (Әбу Дәуіт).
Ар-ұят, намыс мәселесіне аса мән беру қажет. Өйткені оған немқұрайлы қараумен қоғамда түрлі проблемалардың басы ашылатыны анық. Ерлі-зайыптылар арасындағы дау-дамайлар, ажырасулар, арсыздық пен арандатушылық әрекеттері соған мысал. Құран Кәрімде: «Иман еткендер арасында арсыздық атаулының етек алуын көксейтіндерге келсек, оларға бұл жалғанда да, ақыретте де жантөзгісіз ауыр азап бар», – делінген («Нұр» сүресі, 19-аят).
Сондықтан Тик-Ток желісіне мәнсіз, әдепсіз, ұятсыз бейнероликтерді салу және сол роликтерді тамашалау, сондай-ақ желіде отырып, уақытын зая кетіру – харам. Мұсылман адам ондай іс-әрекеттерден барынша тыйылғаны дұрыс.
Хасан АМАНҚҰЛ,
«Мұнара» газеті, №23, 2020 жыл
Пікір қалдыру