«ЖАСЫЛ АЙМАҚТАҒЫ» АУЫЛДЫҚ МЕШІТТЕРДЕ ЖҰМА НАМАЗЫН ОҚУ БОЙЫНША ҚМДБ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ (ФОТО)

Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезекті Аппарат жиналысы өтті.
ҚМДБ аумақтық өкілдіктерінің бас имамдарының қатысуымен өткізілген онлайн мәжілісте еліміздің эпидемиялогиялық жағдайдың «жасыл аймақтарында» орналасқан ауылдық мешіттерде санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұма намазын өткізу тәртібіне қатысты жоспарланған бірқатар мәселелер қаралды.

Атап айтқанда, мешітке келуші жамағаттың санитарлық талаптарды қатаң сақтауын қадағалау, солардың ішінде мешітке келушілерді дене қызуын өлшейтін құрылғылар арқылы тексеріп кіргізу, антисептиктермен қамтамасыз ету, жамағат намазы кезінде 1 метр қашықтықты сақтай отырып, арнайы белгіленген орында құлшылық жасау, намаз оқитын ғимаратты залалсыздандыру іс-шараларын жүргізу, парыз намазының өтелуінен кейін, көп ұзамай мешітті босатуға қатысты маңызды мәселелер талқыланды.

Жиналыста Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы имамдарға жұма намазы кезінде сақтық шараларын жеке бақылауды, санитарлық талаптардың орындалуын қатаң қадағалауды тапсырды.

Айта кетсек, жуырда ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы елордада Денсаулық сақтау министрі Алексей Цоймен арнайы кездесіп, осы мәселені талқылаған болатын. Сондай-ақ Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясовпен кездесуде Бас мүфти коронавирус инфекциясының таралуы бойынша қауіпсіз «жасыл аймақта» орналасқан өңірлердегі мешіттерде жұма намазын оқуға рұқсат беру туралы ұсынысын жеткізген еді.

Бүгінде мешіттерде профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар қатаң сақталып келеді. Осыған орай, алдағы жұма күні қауіпсіз «жасыл аймақта» орналасқан ауылдық мешіттерде санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұма намазы оқылмақ.