РӘТБЕК ҚАЖЫ АТЫНДАҒЫ АУДИТОРИЯ АШЫЛДЫ

Нұр-Мүбарак университетінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұңғыш төрағасы Рәтбек қажы Нысанбайұлы атындағы аудитория ашылды.
Бұл жаңалық әсіресе студенттерге қуаныш сыйлады. Себебі жаңадан жасалған дәріс залы заманауи технологиялармен жабдықталған. Технологиялық «тақта» әрі Смарт-LED, кез келген шығармашылық мүмкіндікті жүзеге асырудың сан түрлі тәсілін қамтыған, ғаламтормен оңтайлы жұмыс істеу, ең бастысы жаңа дәрісті тез әрі тиімді жолмен үйренуге мүмкіндігі мол аудитория көпшілікті тәнті етті.

Су жаңа дәріс залының тұсауын ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен еліміздің тұңғыш бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы қиып, алғашқы қадам жасап, шашу шашылды. Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, доцент Қайрат Құрманбаев жаңа аудиторияның ерекшелігімен таныстырып, келген қонақтар университеттің ең алғашқы іргетасы қаланған 1993 жылғы тарихи сәттегі бейнематериалды тамашалады. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы тарихтан тағылым алып, қарияларын құрметтеген елдің болашағы зор деген ризашылығын жеткізді.

Ректор, профессор Мухаммад әш-Шаххат бастаған зиялы топ тұңғыш бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлына ұстаздың орындығын ұсынып, абыз ақсақалға әрдайым университет есігі ашық екенін айтып, құрмет білдірді. Сексеннің сеңгіріне шыққан Рәтбек қажы Нысанбайұлы еліміздегі дін білімін ата-бабамыздың жолына сай білікті ғалымдар ұстауы керек деген сонау кеңестік кезеңдегі басты ұстанымын жандандырып отырған Нұр-Мүбарак университетінің ұжымына риясыз ризашылығы мен батасын берді.