РАМАЗАН АЙЫН ХАБАРЛАУШЫ ЖАЙЛЫ ХАДИС БАР МА?

Рамазан – мұсылман қауымы үшін сағына күтіп, қимай қоштасатын қадірлі әрі қасиетті ай. Әсіресе айдың басталуы аса маңызды. Сондықтан әркім оны ертерек хабарлауға асығады. Алайда хабарламаның қаншалықты сенімді әрі дұрыс екенін көбі біле бермейді. Соңғы жылдары «Кімде-кім Рамазан айының басталуын ескертсе, оған тозақ оты харам етіледі» деген «хадистің» таралуы әдетке айналуда. Алайда бұл – хадис емес, Алла елшісіне жала жабу. Мұны төмендегі мысалдармен дәлелдеуге болады.

Біріншісі, мұндай сөз ешбір хадис жинақтарында келмеген және оның Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дейінгі иснады (хадис риуаят етушілер тізбегі) көрсетілмеген. Ал хадис ілімінде «әрбір хадистің иснады болуы тиіс» делінген. Иснады жоқ кез келген сөзді «хадис» деп атау – қате. Сондықтан ұлық мухаддистердің бірі Абдулла ибн Мубарак (Алла оны рақымына алсын): «Иснад – діннен. Иснады болмаса, қалаған адам қалағанын сөйлей берсін», – деген.

Екіншісі, Рамазан айының басталуы жаңа айды көрумен анықталады. Қазіргі таңда көпшілік мұсылман мемлекеттерде жаңа ай осы тәрізде белгіленеді. Сондықтан оны көрмей тұрып, алдын ала нақты күнін айту, негізінде дұрыс емес. Ал Ресей, Түркия және Орта Азия сынды елдерде хижри айлардың басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтері негізінде күні бұрын жасалып, бекітіледі. Бұл кезде әрбір азамат өзі тұратын елдің Діни басқармасы жариялаған мәлімдемеге (пәтуаға) мойынсұнғаны дұрыс.

Үшіншісі, Рамазан айының басталуын хабарлаған адамның тозақ отынан құтыла салуы шариғат қағидаларына жанаспайды. Себебі жәннатқа кіру мен тозаққа түсу мұндай істермен емес, шариғат міндеттеген істерді орындаумен белгіленеді.

Имам Жәләлуддин Суюти (Алла оны рақымына алсын) хадис ілімі туралы еңбегінде хадис ілімінің білгірі Ибн Жәузидің: «Хадистің ақылға қонымсыз, сенімді мәтіндерге сәйкес емес немесе негізгі дереккөздерге қайшы келгенін көрсең, онда (хадистің) жалған екенін біл» сөздерін келтіріп, былай дейді: «Негізгі дерекөздерге қайшы» деп муснад және атақты (хадис) жинақтарына енгізілмеген хадистер түсініледі» (Тадриб ур-рауи, 1/327).

Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жала тағу, оның атынан біліп-білмей түрлі қисынсыз сөздерді айту – үлкен күнә. Мұндай іс-әрекет сол «хадисті» айтушы және таратушы адамның тозаққа түсуіне себеп болуы мүмкін. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім біле тұра менің атымнан жалған сөз сөйлесе, ол (баратын) жерін тозақтан дайындай берсін», – деген (Бұхари, Тирмизи). Тағы бір хадисте: «Кімде-кім менің атымнан, жалған деп күмәнданған, бір хадис айтса, онда ол – өтірікшілердің бірі», – делінген (Мүслім). Ғалымдар жалған хадис айтудан және оны таратудан қайтарған. Оны істеген адам тәубе етіп, Алла Тағаладан кешірім тілеуі керек деген.