ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ӘДЕБІ

Қазіргі таңда смартфон, гаджеттер айнымас серігімізге, ал әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Біріміз қажеттілікпен, кейбіріміз көптен қалмайын деп тіркеліп, құрылғының бетін ғұмырымыздың айнасы етіп үлгердік. Біреудің күнкөріс кәсібіне, енді біреудің ермегіне айналған желілер қалың жұрттың жарнама қызметіне де жарап тұр.

Ақпарат тасқынын ауыздықтау мүмкін болмай тұрған тұста жазу еркіндігі қолына тиген әркім әлеуметтік желіде өз ойын іркілмей айтып, кейде қызбалықпен шектен шығып жататыны да жасырын емес. Айтылған әрбір сөздің сұрауы болатыны естен шыққанда, әдеп пен иба, құрмет пен сыйластық ескерусіз қалып, салдарынан біреуге жала жабылып, енді біреудің ар-намысы қорланып жатады. Сөйлегенде тек жақсы сөз сөйлеуді, болмаса үндемеуді бұйыратын дінімізде сөз жауапкершілігіне үлкен мән беріледі. Әрбір жағдайда әдеп сақталуы керек болғаны секілді, әлеуметтік желіде отырғанда да әдептен озбау маңызды. Себебі қай уақытта, қай жерде болсақ та Алланың бақылауынан тыс емеспіз. Әбу Заррдан (Алла одан разы болсын) жеткен хадисте: «Қайда болсаң да Алладан қорық, күнәлі істен кейін оны өшіретін жақсылық жаса әрі адамдармен қарым-қатынаста көркем мінезді бол»,– делінеді. Осы хадистің маңыздылығын мәйек етіп, әлеуметтік желіні пайдалануға қатысты келесідей әдептерді назарға ұсынамыз.

 ШАМАДАН ТЫС ПАЙДАЛАНБАУ

Әлеуметтік желілерді жасаушы компаниялар адамдардың оны қызыға пайдалануы үшін әрдайым дамытып, жаңартып отырады. Оған тәуелділік қазіргі кездегі ең көп тараған эпидемияның біріне айналды. Мұндай тәуелділікке душар болған адам өз уақытының көбін әлеуметтік желіде өткізеді. Желіде жоқ кезінде жүрегінде қобалжу пайда болып, өзгенің жазған пікірін, келіп түскен жаңа хабарламаны жіберіп алғандай алаңдап, мазасызданады. Интернеттің өшіп қалуы өзге адамдардан бөлініп қалғандай күйге түсіріп, тіпті депрессияға дейін алып келуі мүмкін. Мұсылман адам әлеуметтік желіні жақсы мақсатта пайдалананып, оны қолданатын уақытын реттеп, шамадан тыс пайдаланудан өзін шектеуі тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес нәрсені бес нәрседен бұрын ойлан. Жастық шағыңды қартаймастан бұрын, денсаулығыңды ауырмастан бұрын, байлығыңды кедейленбестен бұрын, бос уақытыңды шұғылданбастан бұрын, өміріңді өлместен бұрын ойлан», – деп өсиет айтқан.

БІЛМЕГЕН ДҮНИЕНІ ЖАЗБАУ

 Әлеуметтік желіде адамдар бір-бірін көрмегендіктен өзін ұстау, әдептілік сақтау сияқты қасиеттерді ескере бермейді. Осының салдарынан қандайда бір мақаланы, суретті немесе видеоны көрген кезде еш ойланбай, мәселенің астарына үңілмей жатып, мән-жайды толық білмесе де пікір жаза салу, тексеріп алмай тұрып сене салу көп адамның әдеттегі ісі болып барады. Қасиетті Құранның «Хұжырат» сүресінің  6-аятында: «Егер пасық адам хабар алып келсе, оны анықтап алыңдар. Әйтпесе білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер», – делінген. Мұсылман адам шынайы өмірде не әлеуметтік желіде болсын жария болған ақпараттың дұрыс-бұрыстығына көз жеткізіп, ақиқаты мен жалғанының ара-жігін ажыратып алу қажет. Әсіресе біреуді қаралауға бағытталған, кісінің айыбын ашатын мәліметтерге келгенде, оған бірден сене салудан, оны өзгелерге таратудан аса сақ болғаны ләзім. Себебі мұндай қаперсіздік қоғамды бұзып, өсек пен жала атаулының кең етек жаюына алып келеді.

Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы өлеңмен өрген өсиетінде:

«Таза емес, – деп, – шекпенің»,
Сыртын көріп сын тақпа.
Әркім орар еккенін,
Өз ішіңді салмақта.
Ол – не жақсы, не жаман,
Оның жүгі сенде емес.
Десе біреу: «Мен аман»,
Ол зияннан кенде емес.
Шымылдық артын кім білер,
Шын иесі болмаса.
Соның жолы жөнделер,
Кімді сынап оңдаса!» 
– дейді.

КӨЗДІ КҮНӘДАН ТЫЮ

 Желіге ашық-шашық күйдегі суреттерді жүктеу әрі өзгенің мұндай сипаттағы сурет-бейнелеріне қарау – тыйым салынған істерден. Құранда Алла Тағала:  «Иманды ер кісілерге айт, көзін (өзге салынған нәрселерге қараудан қорғап) төмен қаратсын және әуретін қорғасын. Бұл  олар үшін тазасы. Ақиқатында, Алла – олардың не істеп жатқанынан хабардар. Әрі иманды әйелдерге айт, көзін (тыйым салынған нәрселерге қараудан тыйып) төмен қаратсын, жыныс мүшелерін қорғасын және көрініп тұрғаннан (сыртқы киімдерінен) басқа көркін көрсетпесін…» ( «Нұр» сүресі, 30-21-аяттар), – деп бұйырған.

ТІЛ-КӨЗДЕН САҚТАНУ

 Желіге адам өзінің, балаларының, жақындарының суретін, жетістігін салып, жариялаған кезінде олар үшін шынайы қуанып, тілекші ниет, ақ пейілін білдіретін жандармен қатар, ішінде қызғанышы, жүрегінде көреалмаушылық дерті бар адамдардың да назарына ілігетінін естен шығармай, сақтанғаны жақсы. Себебі көз тию – бар және ақиқат нәрсе. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Көз тию – ақиқат. Егер тағдырды озып кететін бір нәрсе болса, ол көз тию болар еді», – деп айтқан. Сондай-ақ көздің «түйені – қазанға, адамды – қабірге» дейін апаратынынан бізді хабардар еткен.

Отбасыңыздың қызығын жұрт алдына жарқыратып жүктеген кезде ол бақытты сәттеріңізді сүйеу болар өмірлік жары жоқ не бір перзентке зар болып жүрген адамдар да көреді. Бұл жағдай басқалардың өз қолындағы барына шүкіршілік етпеуіне, сондай-ақ отбасыңыздың бақытына тіл-көздің өтуіне себепші болуы әбден мүмкін. Сол үшін шынайы қажеттілік туындамаса, адамның әрбір жүрген жерін, ішкен асын суретке түсіріп, жүктей беруі жақсы нәрсе емес. Әсіресе сәбилердің жұрт көзінен жасырын болуы – тіл-көзден аман болуының кепілі.

ӨЗГЕНІҢ ЖАЗБАСЫНА СІЛТЕМЕ КӨРСЕТУ

Өзге біреудің авторлық мақаласын, жазбасын, суретін, видеосын рұқсат сұрап не сілтемесін беріп қана жариялауға болады. Өзгенің дүниесін өз атынан жариялау өтірік әрі ұрлық болып саналады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның дүниесін оның рұқсатынсыз пайдалануға рұқсат етілмейді», – деп секерткен. Бұл ескертудің авторлық емес, жалпы қолданыста жүрген, «көпшілік таратсын» деген ниетпен жасалған дүниелерге еш қатысы жоқ.

ПІКІР АЛМАСУ ӘДЕБІН САҚТАУ

Қоғамдағы адамдардың білім деңгейі, ойлауы, ақпаратты қабылдауы әртүрлі болғандықтан, олардың қандай да бір мәселеге қатысты түрлі пікірде болуы заңды. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Адамдарды Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем пікір алмас» («Нахыл» сүресі 125 аят), – деп бұйырған. Демек мұсылман өз пікірін жеткізгенде ең көркем тәсілді пайдаланып, ұрыс-керістен сақтану керек. Өзгенің де пікіріне құрметпен қарау, білмеген мәселесі болса, оған араласпау, ақиқат айтылса – мойындау, ізгі ниетін таныту сияқты басқа да пікір алмасу әдептерін сақтаса, сол – жақсылыққа жақын әрі ұнамды іс.

Сөйлесу, пікір бөлісу, орта деңгейімен санасу тәрізді қарапайым әдептер сақталмағаны салдарынан, өздеріне қатысы жоқ мәселелер үшін де айтысып-тартысу, өсек пен ғайбат айту, нала мен жала жабу қыза түсіп, аяғы үлкен дауға ұласып жатады. Нәтижесінде, тозған жүйке, жойылған сауаптан басқа тапқан ешбір пайда жоқ.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сөгу, қарғау, арсыз сөз, өсек айту мүмінге (тән сипат) емес», – деген. Егер қарсы тарап шектен шығып, сөзге тоқтамайтын болса, ондай пікір алмасуды бірден аяқтау қажет. Сөз сөйлей білу, ойын әдеппен жеткізе білу де үлкен мәдениет. Ал ең үлкен абырой – көркем мінез. Адам дер кезінде тілі мен көзін тыя білсе, мыңдаған бәленің алдын алады, өзіне һәм өзгеге зиян тигізуден аман болады. Сондықтан Жаратушы алдында әлеуметтік желідегі сөздеріміз үшін де жауап беретінімізді ұмытпай, жақсылықта ғана жарысайық…

Думан САЙФУЛЛА,

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің маманы

«Мұнара» газеті, №3, 2020 жыл