Ораза ұстаған адамның ауруы, әлсіздік секілді қиындық тудыратын халі уақытша құбылыс болса, қалған күндерін Рамазан айынан кейін толтырып береді. Қаза оразаны үздіксіз тұту шарт емес. Қаласа бөліп, қаласа үздіксіз тұтады. Қазасын келесі оразаға шейін ұстап үлгермесе, онда ол оразаны Рамазан айынан кейін де өтесе болады.
Ал туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, асқазан жарасы (язва), тыныс және жүрек демікпесі (астма) секілді сауығуына күдер үзген ауруға шалдыққан науқастар және жасы үлкен егде адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамайды. Мұндай адамдар Рамазан айында ұстамаған оразасы үшін підия (төлемақы) береді.
Підия – ол орта есеппен бір адамның күнделікті екі мезгіл (таңғы және кешкі) ішетін асы. Оның мөлшері биыл 2500 теңге деп белгіленді. Підия беруге жағдайы болмаса, төлемнен азат етіледі. Ол адам Алла Тағаладан кешірім тілейді. Алдағы уақытта науқас ауруынан айығып кетсе, дәрменсіз адам күш алса, үзірі кеткен боп саналады да, берген підиясы жойылады («Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/227). Яғни бұрынғы оразалардың қазасын өтейді.
Рамазан айының қазасын өтей алмаған адам ажалы таяп, өлер шағында артындағыларға қалған малынан підия беруді өсиет етеді. Бұл өсиет марқұмның мал-мүлкінің үштен бірінен жұмсалады («Әл-муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи», 286). Підия кедейлерге, тұрмыстық жағдайы төмен адамдарға, хәлі нашар жандарға үлестіріледі.
Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ
«Мұнара» газеті, №7, 2021 жыл
Пікір қалдыру