Құрметті жамағат!
Өкінішке қарай, биыл да қасиетті Рамазан айын пандемия жағдайында өткізгелі отырмыз. Жұқпалы дертті оқшаулану, сақтану арқылы ғана жеңуге болатынын анық аңғардық. Осы ретте сіздерді ауызашар кезінде, құлшылық сәттерінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамын.
Денсаулық – бәрінен қымбат құндылық, Алланың адамзатқа берген аманаты. Осы орайда жасы алпыстан асқан аға-апаларымды ауыз бекітуден бұрын медициналық тексеруден өтіп, дәрігердің тиісті кеңесін алуға шақырамын. Егде жастағы және балиғатқа толмаған азаматтардан күрделі ахуал тұрақталғанша мешітке бармай, құлшылықты үйде орындауын сұраймыз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айында айтылатын уағыз-насихат, сұрақ-жауап жұмыстарын онлайн режимде жүргізуді жалғастырады. Құран хатым жасау рәсімдері де қашықтан оқылады.
Интернет желісі арқылы сұраққа жауап алып, онлайн насихат тыңдап, үйден шықпай сауапты амалдарға ортақтасуға болады. Біз қазіргі жағдайды ескеріп, өткен жылы жүзеге асырған жобамыз бойынша пітір садақасы мен зекетті онлайн режимде берудің оңтайлы жолын тағы ұсынып отырмыз.
Қадірлі қауым!
Сіздерді пандемия кезінде барынша сақтанып жүруге, адам көп шоғырланған орындарға бармауға, ауыз бекіткен жағдайда дұрыс тамақтануға, мүмкіндігінше жұмыс кестесін ыңғайлап, денсаулықты күтуге үндеймін.
Қасиетті айда қайырымдылық жасап, сауап алуды ниет еткен жандарға айтарым: ауызашар қораптарын еріктілер немесе мешіт қызметкерлері арқылы көмекке мұқтаж азаматтарға жеткізуге болатынын қаперлеріңізге саламын. Діни басқарма Рамазан айында санитарлық талаптарды сақтай отырырып, қайырымдылық іс-шараларын жоспарлы түрде жүзеге асырады. Баршаңызды игі іске үлес қосуға шақырамын.
Құрметті бауырлар!
Рамазан – Раббымыздың мейрім-махаббатына бөленетін ай. Ендеше, берекелі айдың берекетінен құр қалмайық, халайық.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді», – деген.
Алла Тағала ниетіміз бен амалымызды қабыл етіп, баршамызды Рамазаннан Рамазанға дейін айдан аман, жылдан есен жеткізе бергей!
Жаратушы Иеміз жер бетінен жұқпалы індетті жойып, жұртымызға жар болғай, елімізді аман, жерімізді тыныш еткей! Әмин!
Пікір қалдыру