Абдулла ибн Амрден (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Бір әйел «Уа, Алланың елшісі! Мына балам үшін құрсағым – ұя, омырауым – бұлақ, құшағым құндақ болып еді. Енді әкесі менімен ажырасып, оны менен тартып алмақшы», – деді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Басқа біреуге тұрмысқа шықпасаң, сен оған (өз қамқорлығыңа алып, тәрбиелеуге) құқылысың», – деді (Әбу Дәуіт, Ахмад).
Осыған қатысты ибн Әбу Шәйба өзінің «Мусаннаф» атты кітабында Сағид ибн Мусайиәбтан мынадай дерек келтіреді: «Омар (Алла оған разы болсын) Үммү Асымды талақ етті. Сосын оған қайта барғанда, баласы Асым анасының құшағында еді. Омар баланы одан алмақ болғанда, екеуі таласып қалды. Сол кезде бала жылап қоя берді. Содан екеуі мәселені шешу үшін Әбу Бәкірдің құзырына барды. Әбу Бәкір Омарға: «Бала үшін саған қарағанда әйелдің мейірімі, құшағы, иісі оған абзалырақ. Бала өскен соң кімге баратынын өзі таңдайды», – деп төрелігін айтты» (Ибн Әбу Шәйба, «Мусаннаф», 5/238).
Алайда анасының баланы қамқорлыққа алмауға құқы бар. Бірақ (анасының) қарайтын басқа туыстары табылмаса немесе бала басқаға көнбесе, онда бала мәжбүрлі түрде анасына беріледі. Баланы өз анасынан кейін нағашы әжесінің, кейін өз әжесінің, туған әпкелерінің, сосын нағашы апалары мен өз апаларының, яғни осы тәртіп бойынша алуға құқықтары бар. Ал баланы қарамағына алған әйелдің баспанасы болмаса, баланың әкесі баспанамен қамтамасыз етуге міндетті (Әл-ахкам аш-шарғия фи әл-ахуал аш-шахсия, 388-тарау, 2/975).
Құран Кәрімде: «Ал егер біріңе-бірің қиындық туғызып, өзара келісе алмасаңдар, ондай жағдайда баланы әкесінің есебінен емізетін басқа әйел қарастыруға болады» («Талақ» сүресі, 6-аят), – делінген. Әйел махрам (туыс) емес ер адамға тұрмысқа шықса, әйелдің баланы қамқорлыққа алу құқығы жойылады.
Әйелдің туысқандары арасында баланы қарамағына алатын адам табылмаса, онда әкесі, сосын атасы, туған бауыры, көкесі (әкесінің бауыры) т.б. тәртіп бойынша қамқорлыққа алуға құқылы. Одан кейін нағашы атасына, нағашысына беріледі (Әл-ахкам аш-шарғия фи әл-ахуал аш-шахсия, 385-тарау, 2/970). Алайда қыз бала намахрам (жақын туыс болмаған) ер адамға және арсыз пасықтың қолына азғындыққа салыну ықтималы болғаны үшін берілмейді.
Ибн Абидин (Алла оны рақымына алсын) бұл мәселені былай тұжырымдайды: «Дегенмен қази қалай болса да, балаға зиян тимейтін, пайдалырақ жағын есепке алуы тиіс».
«Бәдаиғ» кітабында былай айтылады: «Егер аға-інілері мен көкелері (әкесінің бауырлары) өздеріне және мал-мүліктеріне толық сенім білдіре алмаса, онда бала оларға берілмейді» (Радду әл-мұхтар, 3/565).
Өз бетімен тамақтанатын және дәретке шығатын жасқа жеткенде (Кәфи кітабында оған 7 жас деп пәтуа берілген. Ал шейх Әбу Бәкір ар-Рази оны 9 жас деп айтқан (Фәтауа Һиндия, 1/593) ұл бала әкесіне қайтарылады. Себебі ұл бала ерлерге тән нәрселерді (әдеп, өнер, мінез т.б.) әкесінен үйренеді. Қыз бала етеккірі келгенге дейін немесе дене бітімі жетіле бастағанға дейін (көпшілік ғалымдардың тұжырымы бойынша, қыздардың дене бітімі 11 жасында жетіле бастайды (Фәтауа Татархания, 3/187) анасының қолында болып, әйелдерге қатысты істерді (тоқу, тігу, кір жуу, тамақ пісіру т.б.) үйренеді. Балиғат жасына толған қызын асырау, қорғау және тұрмысқа беруге көбіне әкесінің ғана шамасы жетеді. Сондықтан уақыты келгенде қыз бала әкесіне тапсырылуы керек (Фатху баб әл-ғиная, 2/500).
Анасы баласын алып, өзінің төркініне ғана сапарға шыға алады. Әкесінен жырақ бөтен қалаға көшіріп әкетуге, әкесіне баласын көруге тыйым салуға әйелдің ақысы жоқ.
- Ер мен әйелдің некесі бұзылғанда баланы қарамығына алуға, ең алдымен, өз анасы құқылы. Бірақ анасы бала тәрбиесіне жарамсыз немесе сенімсіз болса, сондай-ақ басқа ерге тұрмысқа шықса, бұл құқықтан айырылады. Сосын бала белгіленген тәртіп бойынша әйелдің басқа туыстарына беріледі. Әйелдің баланы қарамағына алатын туыстары табылмаған жағдайда оны тәрбиелеу құқығы әкесіне, кейін жақын ер туыстарына, сосын нағашыларына белгіленген тәртіппен өтеді.
- Балиғат жасына толмаған балаға өзіне қамқоршы таңдау құқығы берілмейді.
- Қази баланы біреудің қолына беруден бұрын жан-жақты қарастырады және бала зиян шекпейтін, оған пайдалырақ, ең оңтайлы шешім қабылдауы шарт.
- Қыз бала намахрам (жақын туыс болмаған) ер адамға және арсыз пасықтың қолына берілмеуі тиіс.
- Ұл баланың жасы жетіге толғанда, қыз бала етеккір көргенде өз әкесіне немесе әкесінің ер туыстарына қайтарылады.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі
Пікір қалдыру