ҚҰРБАН ШАЛУДЫҢ МӘН-МАҒЫНАСЫ НЕДЕ?

Құрбан – араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Демек, мейіріміне лайықты ізгі істер жасау арқылы Жаратқанға жақындау. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Алла Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен белгілі бір уақытта ереже-шарттарын ескере отырып мал шалу[1].

Құрбан шалудың мән-мағынасы туралы Жаратқан Жаббар Хақ былай дейді:

لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّىٰ تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ

«Өздерің жақсы көргенді Алла жолына жұмсамайынша игілікке жетпейсіңдер»[2].

Аяттың мәні пенде қашан мал-мүлкінің ең жақсыларынан қайырға, садақаға, зекетке бермейінше, Раббының разылығына жетпейді дегенге саяды. Демек, Құдай Тағала разылығы үшін құрбандық шалғанда мұсылманның ықылас-ниеті, Иесінің әміріне бойсұнушылығы сыналады. Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) сондай сынақтан өткен. Жалпы адамзатқа осы дүниеде мал-мүлік  ақыреттегі азаптан сақтайтын қалқан, Алланың разылығына жетуге себепкер болуы үшін де берілген.

Алла Тағала жануардың қанының аққанына, оның еті мен терісіне мұқтаж емес. Қасиетті аятта айтылғандай, Жаратқан Иеге керегі ол емес, пендесінің ақ пейілі, ықылас-ниеті ғана. Хақ Тағала былайша баяндайды:

لَنْ يَنَالَ اللَّهَ لُحُومُهَا وَلَا دِمَاؤُهَا وَلَٰكِنْ يَنَالُهُ التَّقْوَىٰ مِنْكُمْ

«Аллаға олардың еттері де, қандары да жетпейді. Алайда Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді»[3].

Расында да, Құдай Тағала үшін маңыздысы – құлшылықтың формасы емес, мағынасы. Пенденің ықылас-пейілі, тақуалығы басты назарда болмақ.

Құрбан шалу – Алла Тағаланың берген сансыз нығмет-несібелеріне әрі жылдан жылға аман-есен жеткенге шүкіршілік ретінде һәм жыл бойы жіберген күнә-қателіктерді жуу үшін орындалатын ғибадат. Сондай-ақ, мұсылман шалған малының етінен бала-шағасына, ағайын-туысына, көршілеріне таратады, кедейлердің де аузы қызылға тиеді. Сол арқылы қоғамдағы береке-бірлік, ынтымақ, жанашырлық, ағайындық, татулық арта түседі.

[1] Радду әл-мухтар, 9/452.

[2] «Әл-Имран» сүресі, 92-аят.

[3] «Хаж» сүресі, 37-аят.