САФАР АЙЫНЫҢ СЫРЫ

Сафар айы – мұсылман күнтізбесінде жылдың екінші айы саналады. Халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтері бойынша, биыл 8 қыркүйек сафар айының бірінші күні деп белгіленді.

Исламға дейінгі жәһилият (надандық) дәуірінде араб халқы сафар айын жамандыққа ырымдайтын. Олар «сафар айында үйленуге, неке қиюға, той жасауға, алыс жолға шығуға болмайды» дейтін. Сондай-ақ, олар «сафар айы – қасиетсіз ай, осы айда жер бетіне түрлі жаман жаратылыстар таралып, олардың адамдарға зияны тиеді» деп ойлайтын.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жұқпалы ауру жоқ, құспен пал ашу жоқ, байқұс жоқ және сафар (айында ешқандай ырым) жоқ», – деген (Бұхари).

Ислам діні барлық қате сенімдер қатарында осы секілді жаңсақ, қате наным-сенімдерді де жоққа шығарды. Барлық жылдар мен айлар, күндер мен түндер Алланыкі деп жариялады.

Мұсылман адам тағдырға иман келтіреді, өмірдегі жақсылық пен жамандықтың Алла Тағаладан болатынына сенеді, дінімізде негізі жоқ бос ырымдарға ермейді.

Сафар айының ырымдарына қарсы мұсылмандар түсіндіру істерімен ғана шектелмеді. Бәлкім іс жүзінде де көрсете білді, түрлі өнегелі жұмыстар жүргізілді. Ислам діні бұл айды «Сафарул хайр» (хайырлы сафар) деп атады. Бұл ай көптеген хайырлы істердің бастамасына себеп болды.

Мысалы, Мәдина қаласындағы Пайғамбар мешітінің құрылысы бірінші һижри жылдың сафар айында басталған.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәл осы айда сапарға аттанып, Хайбар қамалын фатх еткен (алған).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екінші һижри жылдың сафар айында өзінің сүйікті қызы Фатиманы Хазіреті Алиге ұзатқан (Алла олардан разы болсын).

Хақ Тағала сафар айын баршамызға хайырлы да берекелі еткей!  

Хасан Аманқұл,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

меңгерушісінің орынбасары