АЯГӨЗ: “ДІН МЕН ДӘСТҮР” АЯСЫНДА СПОРТТЫҚ САЙЫС (ФОТО)

Ислам діні өз қоғамын қуатты да айбынды болуы үшін, спортқа ерекше көңіл аударып, онымен айналысуға шақырады. Әбу Һурайра жеткізген хадис-шәріпте хазреті пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы мәселеге байланысты: «Екеуінде де өз қайыры болса да, қуатты мүмін Аллаға, әлсіз мүміннен жақынырақ және сүйіктірек», – деген (Имам Мүслім).

Басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, сенің Раббыңда сенен ақысы бар және сенің денеңнің сенен ақысы бар, және сенің әйеліңнің сенен ақысы бар, және сенің қонағыңның сенен ақысы бар, сол үшін сен ақысы барлардың ақысына жауап бер», – дейді (Әл-Бұхари, имам Мүслім). Демек, спорт – ағзаларымыздың ақысы. Ол денемізді шынықтыру арқылы өтелмек.

Дене шынықтыру адам баласының тәнін ғана дамытып қоймай, рухани жақтан да тәрбиелейді. Өз нәпсісін жеңуге, өз денесін өзіне бағындыруға жәрдемдеседі.

Аягөз қаласындағы спорт мектебінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Дін мен дәстүр» аясында спорттық сайыс өтті. Сайыс гір көтеруден, белдесуден, асық атудан т.б. бөлімдерден тұрды. Сайыс өте тартысты өтті.  І – ші, ІІ – ші, ІІІ – ші орын иелері алғыс хатпен марапатталды.

Аягөз қалалық мешітінің баспасөз қызметі