«ТОЛЫҚ АДАМ» КІТАБЫНЫҢ ТАНЫТЫМЫ ӨТТІ (ФОТО)

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан халықаралық конференцияда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарық көрген «Толық адам» ғылыми-теологиялық талдау кітабының және «Ихсан – основа духовного воспитания» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Нуриддин Холикназаров, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Замир Ракиев және зиялы қауым өкілдері кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысты.

Наурызбай қажы Тағанұлы «Толық адам» кітабында сонау аңыз-әфсанадан бастап, асыл дініміз Исламдағы, сондай-ақ ұлы даладан шыққан ойшылдарымыздың еңбектеріндегі ой-тұжырымдарға қысқаша түсініктемелер беріліп, талдаулар жасалғанын атап өтті.

«Қолыңыздағы кітапта адам туралы сонау аңыз-әфсанадан бастап, асыл дініміз Исламдағы, сондай-ақ ұлы даламыздан шыққан ойшылдардың еңбектерінде келген ой-тұжырымдарға қысқаша түсініктемелер беріліп, ғылыми теологиялық талдау жасау арқылы, жоғары адамгершілік қасиеттерге ие «идеал адам» мәселесі талқыға түседі. Көпшілікке үлгі-өнеге боларлық мұндай адамға ортағасырлық ғалымдарымыз «әл-инсан әл-кәмил» деген атау берген. «Әл-кәмил» сөзі араб тілінен аударғанда тұтас, толық, бүтін, аяқталған деген мағынаға саяды. Демек «әл-инсан әл-кәмил» дегенді қазақ тілінде «толық адам», «кемел адам» немесе «жетілген адам» деп айтуға болады.

Әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Рушд, Руми, Ибн Араби, Ғазали, Баласағұни, Ясауи және т.б. ортағасырлық мұсылман ғалымдар «әл-инсан әл-кәмилді» өз шығармаларында әр қырынан талдап қарастырса, хакім Абай шығармаларында бұл термин қазақиланып «Толық адам» атауымен арнайы ілім ретінде ұсынылды. Бұл заңды құбылыс. Себебі Абай жастайынан ортағасырлық кемеңгерлердің туындыларынан сусындады, әсіресе, Ж.Баласағұни мен А.Йассауидің шығармаларының тигізген әсері мол екенін ескерсек, Абай атамыз ұсынған «Толық адам» ілімінің қайдан бастау алғандығын аңғаруға болады» деді Бас мүфти.

«Муфтият баспасы» шығарған аталмыш кітап «Адам жаратылысы мен болмысы: Жан мен тән», «Ұлы даланың кемеңгер тұлғалары еңбектеріндегі «Толық адам» мәселесі» және «ХХІ ғасырдағы «Толық адам» және жастар» атты үш бөлімнен тұрады. Еңбекті дайындап, баспаға әзірлеген – PhD докторы Ықтияр Палтөре мен философия ғылымдарының кандидаты, доцент Жалғас Сандыбаев. Жинақ исламтанушыларға, теологтарға, діни білім алып жатқан студенттер мен магистрлерге, сондай-ақ көпшілік оқырманға арналған.