ЖАРМА: САЛТ-ДӘСТҮРДІ САҚТАҒАН ҚАРТТАРЫМЫЗ КӨРІСУ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ (ФОТО)

      Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің бастауындай болған – Амал мерекесіне орай Жарма аудандық орталық мешіт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен көрісу мерекесі өтті. Салт-дәсүрді сақтаған көне көз қазыналы қариялар өңірдің ауылдық округтерінен келіп, алқалы жиында бас қосты. Бүгінде Амал күнін кей зерттеушілер күнтізбенің ауысуымен байланыстырса, енді бірі Наурыз мерекесінің басы ретінде қабылдайды. Осынау айтулы Көрісу күніне орай ауданның аға буын өкілдеріне мешіттің Бас имамы Тимур Қайдарұлы бұл уақытта көктем келіп, жер ана жаңарған шақта бір-бірімен сағынысып жүздесетін ауыл халқының, салт-дәстүрді сақтаған қариялардың өнегелі істері ұрпаққа үлгі болса деген мақсатта ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Көрісу кезінде бір-біріне өкпе-реніші бар ағайынның кешірісіп, араздықты ұмытып, туыс-жұрағаттың амандығын тілейтінін айтқан ауыл ақсақалдары төс қағыстырып, дәстүр сабақтастығын жаңғыртты. Шара соңында мешіт қызметкерлері ұйымдастырған наурыз көжеден дәм татқан көпшілік қауым, ел амандығын тілеп, бірлік пен берекенің бекемделіп, ырыс пен ынтымақты арттыратын Наурыз мерекесі құтты болсын айтып, ризашылықтарын білдірді.