«Ислам – ынтымақ және бірлік діні» жылының аясында ҚМДБ Семей өкілдігі ұлттық ат спорты көкпар сайысы ұйымдастырылды.
Көкпар десе делебесі қозбайтын қазақ бар ма? Жарыстың өтетінін естіген жергілікті бауырлар көп жиналды. Сайысқа аты мен шабандозы сақадай сай бірнеше команда қатысып, көкпаршылар білек күші мен аттың бауырында ойнайтын шеберлігін сарапқа салды.
Семей аймағының Бас имамы Асқар Әбітайұлы: «Көкпар сайысын «Ислам – ынтымақ және бірлік діні» жылына арнап өткізіп отырмыз. Осы спорт түрін одан ары дамыту мен жастардың ат спортына деген қызығушылығын оятуға бірнеше шаралар жоспарланып, іске асуда. Көкпар – ежелден келе жатқан ата-бабамыздың ойыны. Біз бабадан мұра болған бұл спорт түрін дамытуымыз керек» деп атап өтті. Сонымен қатар бұл бастаманы іске асырып отырған ұжымының еңбегін жоғары бағалады.
Жарыс болған жерде жеңімпаз да жарқырап көрінетіні белгілі. Сайыстың көрігін қыздырып, халықтың көңілінен шығып, өзін нағыз спорттық бабында екенін көрсеткен шабандоздарға салтанатты түрде марапатталды.
Пікір қалдыру