Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ҮІІ съезінде сөз алған әл-Әзһар университетінің шейхы Ахмет ат-Тайып әлемді жаулап алған түрлі проблемалар адамзаттың өз қолымен жасалып жатқанын және оларды шешу де өз қолымызда екенін айтты.
«Бүкіл әлем бейбітшілікке мұқтаж. Науқас дертіне шипа іздегендей біз бәріміз бейбітшілікке ұмтылып жатырмыз. Пандемиядан кейінгі кезде осы әлемдік дін лидерлері съезінің ұйымдастырылуы жердің батысы мен шығысындағы адамдардың ұмтылысы бір екендігін білдіреді.
Қазір адамзат басында проблема көп. Экономикалық жағдайлар, табиғи апаттар, құдайсыздыққа құрылған жалған діндер, күнәлардың көбеюі – бәрі де адамзаттың өз қолыман жасалуда. Және де бұлар түрлі ұлттар мен діндер өкілдері арасындағы қарым-қатынастың бұзылуы салдарынан да туындап жатыр.
Тіпті дін лидерлері арасында да диалогтың жоқтығы байқалуда. Ең алдымен қарым-қатынас дінбасылар арасындағы байланыстан басталады. Өйткені халықтар арасындағы бейбітшілік ең алдымен діндер арасындағы бейбітшіліктен бастау алады»,– деді әйгілі шейх.
Пікір қалдыру