МӘУЛІТ АЙЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ 3 АМАЛ

Мәуліт айында мұсылман баласы шамасы келгенше шариғатқа негізделген барлық ғибадат-құлшылықтарды орындай беруіне болады. Десе де, төменде көрсетілген ізгі амалдар сізді пайғмбарымыз(с.ғ.с) жақындата түседі деген сенімдеміз.

 

Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айту

Ардақты пайғамбардың (с.ғ.с.) есімін естіген сәтте оған салауат айту мүминнің Алла елшісіне (с.ғ.с.) деген махаббатын арттырады және күнәларының кешіріліп, дұғаларының қабыл болуына, мол сауапқа кенелуіне, ең бастысы, махшарда Хазіреті пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) шапағатына ие болуына мүмкіндік береді.

Салауат дұғасының бірнеше түрі бар. Солардың ең қысқасы:

 «солла аллаһу алейһи уәссәләм»

 

Пайғамбардың өмірбаянымен танысу

Әлем тарихында Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмір жолы секілді жазылған бір де бір биографиялық кітап жоқ. Өйткені, пайғамбардың ғибадатынан бөлек, тамақты қалай ішіп, қалай киінгені, тіпті, әжетханаға қалай кіріп, қалай шыққанына дейін белгілі. Ал оның өмір жолын оқып-білу – өз алдына бір сауапқа толы амал.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өнегелі өсиетінің бірінде:

«Егер бастарыңа бір қиындық келе қалса, менің өмірімді еске алыңдар» — деген.

 

Пайғамбарға ұқсау

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қарапайым өмір сүруді, қоңыр тіршілік кешуді қалады. Ол дүние байлығына емес, жан-дүниенің байлығына бас қатырды. Үмметінің де өзі секілді көркем мінезді болуын тіледі. Исламды сыртқы формадан емес, ішкі жан-дүниеден іздеу керектігін ұғындырды.

Яғни, пайғамбарға (с.ғ.с.) ұқсауда ең бірінші мінезді түзету керек екен. Содан кейін барып ол қалай тамақ ішті, қалай жүріп-тұрды, қоғамда өзін қалай ұстады осыған көңіл бөлген жөн.