الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه
Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, баршаңызға күндердің төресі қасиетті жұма мүбәрак болсын!
Алла Тағала жер бетінде сансыз нығметтерді жаратып, оларды адамзат баласының игілігіне тарту етті. Әр уақыт пайғамбарлар жіберіп, адамзатқа ненің адал ненің арам екендігін үйретті. Адам баласы бұл сынақ өмірде Жаратушымыздың біздер үшін адал еткен несібесінен пайдаланып, арам атаулыны жеп-ішуден сақтануы қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 168-аятында:
يَا أَيُّهَا النَّاسُ كُلُوا مِمَّا فِي الأرْضِ حَلالا طَيِّبًا
«Уа, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің адалын әрі тазасынан жеңдер!» – деп бұйырған.
Қазақ халқы қашанда адал ұғымына ерекше мән берген. Тарихқа үңілсек ата-бабаларымыз тұлпарына доңыздың басқан шөбін жегізбей, адалдықты ұстанып, Алланың ақ жолынан жаңылмаған. Қазақ халқы адалдықты ерекше бағалаған. Адал жар, адал дос, адал ас, адал еңбек, адал перзент секілді т.б. ұғымдардың бәрі ұлтымыз үшін қасиетті құндылықтар. Үлкендеріміз бата бергенде: «Басқа амандық, асқа адалдық берсін», – деп тілеуінің өзі қазақ қоғамында адалдық атаулының қаншалықты үлкен құндылық болғандығын көрсетеді. Ақын Қашқынбай Қожамбетұлы (1830-1870) бабамыз:
… Адам безер сараңнан,
Жарлы болып жүрсем де,
Жимадым малды харамнан! – деу арқылы, қандай қиын жағдай болмасын, ешуақыт арам асты пайдаланбау керектігін өсиет еткен.
Қасиетті Құранның «Кәһф» сүресінде баяндалған үңгір иелері жайындағы қиссада, жас жігіттер Алланың қалауымен 309 жыл бойы ұйқыда жатып, оянғаннан кейін араларындағы біреуін қалаға тамақ алып келуге жібереді. Ол жайында қасиетті Құранда:
فَابْعَثُوا أَحَدَكُم بِوَرِقِكُمْ هَذِهِ إِلَى الْمَدِينَةِ فَلْيَنظُرْ أَيُّهَا أَزْكَى طَعَامًا فَلْيَأْتِكُم بِرِزْقٍ مِّنْهُ
«Мына ақшаларыңмен біреуіңді қалаға жіберіңдер. Сонда тамақтың қайсысы тазарақ екендігін қарап, сендерге одан ризық алып келсін», – деп баяндалған («Кәһф» сүресі, 19-аят).
Аяттағы тамақтың сипаты болып келетін «әзкә» яғни «тазарақ» сөзі тәпсір кітаптарында «адал» деген мағынаны білдіретіні айтылған. Демек, бұл аят мұсылман адам әрдайым өзінің жейтін асының адалдан болуына үлкен мән беруі тиіс екендігін білдіреді.
Сәһл ибн Абдулла (Алла оны рақымына алсын): «Үш амал қиямет азабынан құтылуға себеп болады. Олар: Адал астан пайдалану, парыз амалдарды бұлжытпай орындау әрі ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолына еру», – дейді.
Адал асты пайдаланудың мұсылман адам үшін екі дүниесіне тигізер пайдалары көп. Олардың негізгілеріне тоқталар болсақ мынадай:
Бірінші: Адал ас пенденің ісінің дұрыс болуына ықпал етеді
Адал ас адамның іс-амалының дұрыс болуына, ал арам ас ісінің бұрыс болуына әсер етеді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Муминун» сүресі, 51-аятында:
كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا
«Таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер», – деп ізгі іс атқарудан бұрын астың адалынан жеуді бұйыруының бір сыры осы. Демек, Алланың ризалығына бөлеп, ізгі іс атқаруды қалаған әрбір жан асының адалынан болуына аса мән беруі қажет.
Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): «Көркем мінез үш қасиетпен келеді: арамнан аулақ болу, адалды талап ету және отбасына кеңпейілді болу», – дейді. Кейбір даналар: «Адал ас жүрекке – нұр, адамның жүзіне – сәуле, денесіне – қуат, ризығына – береке әкеледі», – деген.
Әбу Бәкір Уаррақ (Алла оны рақымына алсын) бір әңгімесінде:
«Таңертең ұйқыдан тұрғаннан кейін маңайымдағы кісілерге қарап, кімнің адал ас, кімнің арам ас жегенін ажырата аламын», – деді. Бұған таң қалған шәкірттері: «Ұстаз, оны қалай ажыратасыз?» – деп сұрағанда, ол кісі: «Кімде-кім таң ата бос сөз, пайдасыз әңгімеге салынса, әркімді сырттай жамандап, былапыт сөз айта бастаса, оның бұл әрекеті арам ас жегендігінен туындады деп түсінемін. Ал егер кімде-кім таңертең тұрғаннан кейін әуелі Алла Тағаланы көп зікір етіп, кешірім тілеп, истиғфар айтса, оның бұл әрекеті адал ас жегендігінен. Өйткені адал да, арам да адамның күнделікті іс-әрекетіне міндетті түрде әсер етеді», – деген екен.
Екінші: Адал ас – жүректі нұрландырады
Жүрек – адам денесінің патшасы. Оның дұрыс болуы пенденің бүкіл іс-әрекетінің дұрыстығына, бұрыс болуы бүкіл ісінің бұрыс болуына әсер етеді. Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын): «Жүрек – патша. Ағзалар оның әскері. Егер патша жақсы болса, әскері де жақсы болады. Ал егер патша әлсіз болса, әскері де әлсіз болады», – дейді (Байһақи, Шуабул-иман).
Ендеше, тәніміз сау болуы үшін, алдымен жүрегіміз сау болуы қажет. Ал жүрегіміз дұрыс болуы үшін ең алдымен жейтін асымыз адалынан болуы керек. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
إنَّ الْحَلَالَ بَيِّنٌ، وَإِنَّ الْحَرَامَ بَيِّنٌ، وَبَيْنَهُمَا أُمُورٌ مُشْتَبِهَاتٌ لَا يَعْلَمُهُنَّ كَثِيرٌ مِنْ النَّاسِ، فَمَنْ اتَّقَى الشُّبُهَاتِ فَقْد اسْتَبْرَأَ لِدِينِهِ وَعِرْضِهِ، وَمَنْ وَقَعَ فِي الشُّبُهَاتِ وَقَعَ فِي الْحَرَامِ، كَالرَّاعِي يَرْعَى حَوْلَ الْحِمَى يُوشِكُ أَنْ يَرْتَعَ فِيهِ، أَلَا وَإِنَّ لِكُلِّ مَلِكٍ حِمًى، أَلَا وَإِنَّ حِمَى اللَّهِ مَحَارِمُهُ، أَلَا وَإِنَّ فِي الْجَسَدِ مُضْغَةً إذَا صَلَحَتْ صَلَحَ الْجَسَدُ كُلُّهُ، وَإذَا فَسَدَتْ فَسَدَ الْجَسَدُ كُلُّهُ، أَلَا وَهِيَ الْقَلْبُ
«Ақиқатында халал нәрсе белгілі әрі харам нәрсе де белгілі. Бірақ бұл екеуінің арасында адамдардың көпшілігі білмейтін күмәнді істер бар. Күмәнді нәрселерден сақтанушы, өз дінін әрі абыройын сақтайды. Ал кім күмәнді істерден тыйылмаса, ол харамға тап болады. Ол біреудің қорығының шетінде қой бағып, олардың онда жайылып кетпесіне сенімді болмаған шопанға ұқсайды. Әр патшаның өз қорығы бар. Алла Тағаланың қорығы – харам еткен нәрселері. Адам ағзасында бір кесек ет бар. Егер ол түзу болса, бүкіл дене дұрыс болады. Ал егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Біліп қойыңдар, шындығында, ол – жүрек», – деген (имам Бұхари, Мүслим).
Ғалымдарымыз бұл хадистің адал мен арам жайында басталып, жүрек мәселесімен аяқталуы – адал мен арамның жүрекке тікелей әсері болғандығынан деп түсіндірген. Шәкәрім бабамыз:
Халалға ойламайды шыдайын деп,
Арамның түбі болар уайым деп.
Күнде жау боп, күрілдеп, жұлысады,
Тек отырған бір жан жоқ «Құдайым» деп.
Байладым белді бекем буайын деп,
Жүректі адалдықпен жуайын деп, – адал заттың жүрекке әсерін ерекше атап өткен.
Ибраһим Әдһам (Алла оны рақымына алсын): «Кісі ішіп-жеміне мұқияттылық танытқанда ғана рухани кемелдікке қадам баспақ», – деген.
Төрт мәзһаб имамдарының бірі Имам Ахмадтан (Алла оны рақымына алсын) адамдар: «Жүректің жұмсаруына не нәрсе себеп болады?» – деп сұрағанда, ол кісі «Адал ас», – деп жауап берген екен.
Қисса
Хазіреті Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) өзіне тамақ әкелген қызметшісінен әрдайым асты қайдан, қалай тапқанын сұрайтын еді. Бірде Әбу Бәкір қызметшісі әкелген сүт пен етті әдеттегіше тексеріп жатпай бірден ауызға салады. Астың біразын жегеннен кейін іркіліп қалады. Қызметшісінен: «Бұл тамақ қайдан келді? Қандай ақшаға алдың?» – деп сұрайды. Қызметшісі: «Надандық дәуірінде сәуегейлікпен айналысып, палшылықпен күнелтетінмін. Сол кездері пал ашып бергенім үшін бір кісі қарыз болып қалғанды. Кеше қарызымды қайтарды. Тамақты сол ақшаға сатып алдым», – деп жауап береді. Мұны естіген хазіреті Әбу Бәкірдің өңі қуарып, боп-боз болып кетеді. Іле-шала саусағын тамағына бойлатып, өзін зорлап тұрып ішіп-жегенінің барлығын құсып тастайды. Сөйтіп, ауыр өкінішпен: «Раббым, қаныма сіңіп кеткендерінің кесірін тигізе көрме!» – деп Жаратушысына дұға етеді. Хазіреті Әбу Бәкірдің (Алла оған разы болсын) өзін мұншама қинағанына таңырқаған қызметшісі: «Уа, Алланың пайғамбарының халифасы! Өзіңді неге мұнша қинайсың?» – деп сұрағанда Әбу Бәкір: «Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз құлағыммен естігенмін. Адам ағзасында бір түйір харам ас кетсе, ол тек жәһаннаммен ғана тазаратынын айтқан болатын», – деп жауап береді.
Үшінші: Адал ас – дұғаның қабыл болуына себепші болады
Адамның Жаратушы Рахманнан сұрайтын дұға-тілегінің қабыл болуы үшін ол пенденің атқаруы керек болған кейбір іс-амалдар бар. Сол амалдардың негізгілерінің бірі – дұға тілеушінің ішіп-жегені адалдан болуы тиіс. Себебі, арам ас дұғаның қабыл болуына кедергі келтіреді. Хафиз ибн Кәсир (Алла оны рақымына алсын): «Арам аспен тамақтану дұға мен құлшылықтың қабыл болмауына әкеп соқтырады», – деп айтқан.
Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) келген хадисте Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
أَيُّهَا النَّاسُ، إِنَّ اللهَ طَيِّبٌ لَا يَقْبَلُ إِلَّا طَيِّبًا، وَإِنَّ اللهَ أَمَرَ الْمُؤْمِنِينَ بِمَا أَمَرَ بِهِ الْمُرْسَلِينَ، فَقَالَ: {يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا، إِنِّي بِمَا تَعْمَلُونَ عَلِيمٌ} وَقَالَ: {يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُلُوا مِنْ طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ} ثُمَّ ذَكَرَ الرَّجُلَ يُطِيلُ السَّفَرَ أَشْعَثَ أَغْبَرَ، يَمُدُّ يَدَيْهِ إِلَى السَّمَاءِ، يَا رَبِّ، يَا رَبِّ، وَمَطْعَمُهُ حَرَامٌ، وَمَشْرَبُهُ حَرَامٌ، وَمَلْبَسُهُ حَرَامٌ، وَغُذِيَ بِالْحَرَامِ، فَأَنَّى يُسْتَجَابُ لِذَلِكَ
«Уа, адамдар! Расында, Алла Тағала мінсіз. Ол тек таза нәрсені ғана қабыл етеді. Шын мәнінде, Алла Тағала елшілерге бұйырғанын мүминдерге де бұйырды. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, елшілер! Таза ризықтардан жеңдер де, ізгі амал істеңдер», – деді (Мүминун сүресі, 51-аят). Және де: «Уа, иман келтіргендер! Ризықтандырғанымыздың жақсыларынан жеңдер», – деген («Бақара» сүресі, 172-аят). Сонан соң (ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)) үсті-басы шаң, шаштары ұйысқан, ұзақ жол жүріп келген қалпында қолдарын көкке (қарай) көтеріп: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп (қайталап) тұрған адам туралы: «Бірақ жегені харам, ішкені харам, кигені харам және хараммен азықтандырылған (асырап өсірілген) оның дұғасы қалайша қабыл болсын?!» – деп айтты», – деген (имам Мүслим, Тирмизи)
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға түсінікті болуы үшін көптеген хадистерін мысал келтіру арқылы баяндаған. Жоғарыдағы хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адал астан пайдалану жайында айтып келіп, сапардағы адамның қолын жайып дұға етуін мысал етуі тегін емес. Себебі, сапарда болу, дұғада қолды жаю, қиыншылық көру сияқты істер дұғаның қабыл болуына себеп болатын істер. Алайда, ол адам дұғаның қабыл болуына себеп болатын іс-амалдарды атқарса да, оның ішкен-жегені мен кигені харамнан болғандығы себепті дұғасының қабыл болмайтындығы айтылған.
Төртінші: Адал ас – ізгі ұрпақ кепілі
Ислам діні балаға тәрбие берумен қатар, оған берілетін астың адалынан болу керектігін үйретеді. Ғалымдарымыз адал ас пайдаланудың адамның күнделікті іс-әрекетіне, жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, тәрбиесіне әсері боларын айтқан. Мәселен, Имам Ғазали сәбиді арам аспен қоректенетін әйел емізсе, болашақта баланың ұяты азайып, қиқар қылықтар мен нашар әдеттерге жақын болып өсетіндігін, сондықтан баланы арамнан алыс салиқалы, ізгі ниетті әйелге емізу керектігін ескерткен (Ихияу улуму әд-дин).
Мәулана Руми: «Ілім де, хикмет те, Құдайға деген ғашықтық та, шынайы мейірімділік те ішіп-жемнің адал болуына байланысты. Асқазанға түскен бір түйір ас бойда қызғаныш пен арамзалықты оятса, надандық пен ғапылдыққа берілуге сеп болса, онда мұндай ас – харам. Бидай егіп, арпа жиды дегенді естідің бе?» деген екен. Осылайша, Мәулана ізгі адам болудың және ізгі ұрпақ өсірудің халал аспен тығыз байланысты екенін меңзейді.
Халқымызда дініміздің осындай құндылықтарын сақтаған ел аналары өте көп болған. Соның бірі Зере әжеміз еді. Ол кісі баласы Құнанбайды сәби күнінде тек дәретті күйде ғана емізетін болған. Ананың бойынан дарыған ақ сүті арқылы Құнанбай бабамыздың ұрпағынан Абай, Шәкәрім сияқты дана перзенттер шыққандығына тарих куә.
Атақты фақиһ Ахмад ибн Хафс (Алла оны рақымына алсын) былай дейді: «Имам Бұхаридің әкесі Исмағилді төсек тартып жатқанында халін сұрап барған едім. Сонда ол: «Дүниемнің ішінде бірде-бір дирхам харамы болған емес. Тіпті харам тұрмақ күмәнді болған затты да пайдаланғаным жоқ», – деді. Сонда мен: «Қасиетті Құранда Алла Тағала:
وَكَانَ أَبُوهُمَا صَالِحًا
«Ол екеуінің әкесі ізгі болатын», – деп айтылғанындай, ата-ананың ізгілігі баласына пайда береді», – дедім («Кәһф» сүресі, 82-аят).
Қисса
Баяғыда бір елді-мекенде үлкен ғұлама өмір сүрген екен. Бір күні ғұламаға жергілікті сүт сатушы әйел келіп: «Сіздің балаңыз күнде шелегімді бізбен тесіп тастайды. Бала-шағамды бағатын күнделікті күнкөрісімнен қағылып жүрмін», – деп баласының үстінен шағым айтады. Әйел кеткен соң ғалым бала тәрбиесінде қай жерден қателік жібердім деп қатты ойланады. Кешке үйге келген соң әлгі оқиғаны әйеліне айтып, мүмкін бала тәрбиесіндегі жіберген қателігімізді сен байқаған шығарсың? – дейді. Әйелі ұзақ ойланып отырып: «Енді есіме түсті. Осы балаға ауыраяқ кезімде анарға жерік болдым. Бірде көршінің үйіне кірсем, үйінде ешкім жоқ екен. Дастарханда бір табақ анар тұр екен. Қызығып кетіп, біреуін түйреуішпен тесіп, шырынын ішкен едім», – дейді. Сонда ғалым қателіктің қай жерден кеткенін түсініп, әйеліне бұл істі тез арада қолға алмасақ, баланың қолындағы шеге уақыт өте пышаққа, пышақтан үлкен қаруға айналуы мүмкін екендігін айтып, сүт сатушыға барып, дереу кешірімін алуды бұйырады. Әйелі сүт сатушыға барып, одан кешірім сұрап, осы уақытқа дейін баласының келтірген зиянының ақысын толықтай қайтарып берген екен.
Қадірменді жамағат!
Алла Тағала: Қасиетті Құранның «Майда» сүресінің 88-аятында:
وَكُلُوا مِمَّا رَزَقَكُمُ اللَّهُ حَلالا طَيِّبًا
«Алланың өздеріңе адал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» – деп бұйырған.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
يَأْتِي عَلَى النَّاسِ زَمَانٌ لا يُبَالِي الْمَرْءُ مَا أَخَذَ مِنْهُ أَمِنَ الْحلالِ أَمْ مِنْ الْحَرَامِ
«Адамдарға кісі өз тапқанының адал ма әлде арам ба екеніне көңіл бөлмейтін бір заман келеді», – деп айту арқылы астың адал-арамына қарамай пайдаланудан сақтандырған (имам Бұхари).
Хакім Абай да өлең жолдарында:
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың, – деген.
Қан арам болса, май адал екендігі белгілі. Дана бабамыз осылайша қан мен майды тілге тиек ете отырып, жақсы мен жаманның, адал мен арамның ара жігін ажыратудың маңызын түсіндірген.
«Ас – адамның арқауы» деген сөз баршамызға әбден таныс. Адам тіршілігінің көзі, өмірінің жалғастырушысы, ал кейде өмірін тоқтатушы ажал көзі де осы ас. Ендеше, адал өнімді пайдалану – қазіргі күні ел болашағын ойлаған әрбір азаматты алаңдатуға тиіс.
Алла Тағала баршамыздың ризығымызды адалынан беріп, арам атаулыдан алыс еткей! Жұмамыз мүбәрак, дұға тілектеріміз қабыл болсын!
Пікір қалдыру