БАЛАҒА “ЯСИН” ДЕП АТ ҚОЮҒА БОЛА МА?

Дүниеге келген сәбиге жақсы ат қою – ата-ананың негізгі міндеттерінің қатарына жатады. Шариғатта балаға ат таңдау құқығы әкесіне тиесілі. Әкесі дүние салса немесе белгілі бір себептерге байланысты бұған мүмкіндігі болмаса, бұл құқық анасына өтеді.

Балаға ат таңдаған кезде мұқият болу керек. Себебі, Пайғамбарымыз ﷺ «Қиямет күнінде өздеріңнің және әкелеріңнің аттарымен шақырыласыңдар. Ендеше, аттарыңды көркем қылыңдар!» – деген (Әбу Дәуід, Сунән, 4360).

Осы орайда, балаға естігенге жағымды, мағынасы көркем, Алланың сүйікті пенделерін еске түсіретін есімдерді беру абзал болып табылады. Ал, Алладан басқа біреуге құлдық мағынасын білдіретін, пұтқа табынушылықты дәріптейтін, Исламның әдебіне сай келмейтін аттардан сақтану қажет.

Ал, Иәсин есіміне келер болсақ, бұл сөз Құранның 36-шы сүресінің атауы және сол сүренің бірінші аяты болып табылады. «Иәсин» сөзі араб тіліндегі «ي (иә)» және «س (син)» әріптерінен құралған. Құран Кәрімнің жиырма тоғыз сүресінің басында осы тектес әріптердің жиынтығы келеді және олар алфавиттік атауларымен оқылады. Оларды тәпсір ілімінде «Хуруф муқаттаға (Бөлек (тәуелсіз) әріптер)» деп атайды. Құран тәпсіршілері бастаған Ислам ғұламалары бұл әріптердің мағыналарына қатысты әртүрлі пікірлерді алға тартқан.

Соның ішінде «Иәсин» сөзінің мағынасы «Мұхаммед «ﷺ мағынасына келетіндігі де айтылған (Имам Матуриди, Тәуиләту әһли суннәт).

Олай болса, бұл атаудың Құранды, Алла елшісін ﷺ еске түсіретіндігі себепті балаға ат ретінде қойылуы жақсы нәрсе екендігін айтуымызға болады. Алла анығын білуші.

 

Қуаныш ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ

Абай облысы “Шариғат және пәтуа” бөліміне жауапты маман