“ТҮРКІ ӘЙЕЛДЕРІНІҢ ЗЕРГЕРЛІК БҰЙЫМДАРЫ” КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

Бейбітшілік және келісім сарайында «Түркі әйелдерінің зергерлік бұйымдары» көрмесінің ашылуы өтті. Көрмені ұйымдастырушылар – Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы мен Астана қаласының Суретшілер одағы.

Көрменің ашылуына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д. Қыдырәлі, Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б. Сәрсенбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Б. Жексенбай, Астана қаласы Суретшілер одағының төрағасы Ө. Ысмайылов, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Т. Бақытжан, «Қоғамдық келісім» директоры Э. Паули, «Отандастар» қорының президенті А. Сапарбекұлы, халықаралық ұйымдардың, ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың, Қазақстанның діни бірлестіктерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ Қазақстандағы шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің басшылары мен өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д. Қыдырәлі әйелдер қауымын мерекемен құттықтай отырып, «Түркі халықтары әйел затын ерекше қадірлеген. Оларды өмір сыйлаушы, дәстүрді сақтаушы ретінде құрметтеп, қастер тұтқан. Нәзік жандардың сұлулығы мен әсемдігі әдебиеттің, қолөнер мен зергерлік мәдениеттің дамуына арқау болған», – деді өз сөзінде.

Өз кезегінде, Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б. Сәрсенбаев барша түркі халықтарын байланыстыратын ортақ тарих екенін алға тартты. «Тілдің де, тарихтың да, мәдениеттің де тамыры ортақ екенін әрқашан жадымызда ұстаймыз. Бүгін көрме аясында XIX  ғасырдағы күмістен жасалған зергерлік бұйымдардың 70 түрімен танысуға мүмкіндік бар. Бұл түркі халықтары әйелдерінің «өңіржиек», «бозбанд», «хайкел» кеуде әшекейлері, білезіктер, сақиналар және басқа да әшекейлер», – деді Б. Сәрсенбаев.

Көрме келушілерді Еуразияның бай тарихи-мәдени мұрасымен таныстыруға, мәдениетаралық ынтымақтастықты нығайтуға, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің бастамаларын ілгерілетуге бағытталған.

Көрмеге белгілі суретшілер: У. Исмаилов, Е. Айтуаров, М. Байтенов, Б. Бүрдесбекова, А. Баяндина, Д. Нүгер, С. Ермеков, Н. Жәрдемов, А. Сәрсенбаева, В. Ли, Ж. Құдайберген, М. Алтынбек, М. Бақтыгереева, А. Қадырбаева, А. Минайдарова, Л. Айтуарова, А. Әли, Қ. Жайырбек, А. Мусалимова, С. Маханбетовтың көктем сұлулығын, ұлттық ою-өрнектегі әшекей тағынған әйелдер бейнесі, олардың нәзіктігі мен сұлулығын, әртүрлі ұлттардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары, табиғаттың оянуын бейнелейтін туындылары қойылған.

Сонымен қатар, көрме барысында белгілі зергер Б. Әлібай мен оның шәкірттері С. Зият,  М. Аятбеков зергерлік бұйымдарды жасау бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Қазақстандағы шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің басшылары мен өкілдері, халықаралық ұйымдардың, діни бірлестіктердің өкілдері адамзаттық құндылықтарды, мәдени дәстүрлерді, конфессияаралық және дінаралық диалогты халықаралық деңгейде ілгерілетудің маңыздылығын оң бағалап, іс-шараның ұйымдастырылуына ризашылық білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, Түркі әйелдерінің зергерлік бұйымдары» көрмесі Бейбітшілік және келісім сарайында биыл 6 наурыздан 27 наурызға дейін жалғасады.