Бүгін “Абай Құнанбайұлы” орталық мешітінде Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлының төралығымен Рахымы мол Рамазан атты имамдарға арналған дайындық жиыны өтті. Жиынға Абай облысы Қоғамдық даму басқармасы Дін істері бөлімінің басшысы Айбек Еркінұлы мен қала және аудан имамдары қатысты.
Келелі кездесуде өкіл имам Асқар Мұқанов арнайы баяндама жасап, ұлық айда атқаратын жұмыстарды жүйелеп, тыңғылықты дайындық жасап, оразаның қадір-қасиетін жамағатқа көбірек насихаттауға шақырды.
“Біз, Рамазанда Хаққа да, халыққа да қызмет етеміз. Сондықтан, қасиетті айда атқарылуы тиіс шараларға тиянақты болып, өзімізге берілген міндеттер мен жауапкершілікті жанашырлықпен, ықыласпен, ихсанмен орындауымыз керек. Рамазанда Алланың разылығы мен халықтың алғысын алу баршамызға нәсіп болсын. Осы жолда Алла бәрімізге күш-қуат, рухани бірлік берсін! “, – деді Асқар Әбітайұлы.
Жиында сөз алған Абай облысы Қоғамдық даму басқармасы Дін істері бөлімінің басшысы Айбек Ғапуов әкімшілік тарапына дін мамандарына қолдау көрсетілетінін, қасиетті айда өткізілетін іс-шаралардың тиісті деңгейде өтуіне барынша жағдай жасалатынын жеткізді. Сондай-ақ, имамдар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап беріліп, алдағы уақытта дін мамандары мен жергілікті әкімшілік арасындағы қарым-қатынас нығая түсуіне жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.
Пікір қалдыру