МӘШҺҮР ЖҮСІПТІҢ КӨЗҚАРАСЫНША ӘЗ-НАУРЫЗДЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ

Наурыз мерекесінің Хақ дінге қайшы емес, керісінше діни мереке екенін Мәшһүр Жүсіп бабамыздың «Нұх, Наурыз тарихы» атты еңбегінен анық көруімізге болады. Ғұлама бабамыз Наурыз мерекесінің шежіресін былайша тарқатады:

«Бұл наурыздама той болып, қай заманда басталған жұмыс? Жоғарғы жақта сөйленген Нұх пайғамбар еркегі, ұрғашысы араласып, сексен қаралы жолдаспен кеме жасап мініп, алты ай, он күн суда жүзіп, су тартылып, кемесі Қазықұрт тауына кез болып, соған тоқтап, құрғақшылық көріп, қара жерді басқан. Біреудің әкесі, біреудің баласы, біреудің бауыры, туысқаны қырылып қалып, «салт атты, сабау қамшылы» болып судан шыққан», – деп Нұх қауымның топан судан аман-есен құтылғандарына шүкіршілік ретінде қазан көтеріп, той жасағандығын жеткізеді.

Одан ары қарай: «Сөйтсе, сол күнде ай есебімен санағанда «Мұхарамма» айының оны екен де, жұлдыз есебімен санағанда, күннің хамале бір уәжібіне кірген күні бірінші хамале болып табылған. Нұх пайғамбардың тұңғышы – «Сам» деген баласы. Ғараб, Ғажам – сол самның ұрпағы. Біреуі ай есебін ұстап, жыл басын «Мұхарамма» деп санап, оны «Ғашура күні» – деп, мейрам қылып ұстап қалған. Біреуі – Ғажам жұрты, жұлдыз есебін ұстап «Бірінші хамале – жыл басы» деп мейрам қылып ұстап қалған. Мұның ұстап қалған күні число есебімен марттың тоғызына дәл келіп, қыс пен жаздың аударыс, төңкерісіне тұпа-тура, дәлме-дәл шыққан. Мұны біздің қазақ «Бұхар есебі» дейді. Бұл есептен біздің қазақ жұрты орысқа қарағанша, аумай, жаңылмай ұстап келген», (Мәшһүр Жүсіп . Ит дүние. Нұх, Наурыз тарихы. 242 бет. Алматы 2008).

Мәшһүр Жүсіп бабамыз жоғарыдағы «Нұх, Наурыз тарихы» атты еңбегінде Ашура мен Наурыздың шығу тегі бір екенін көрсетіп отыр. Расында да мұсылмандық дереккөздер бойынша Нұх пайғамбардың қауымы топан судан Мұхаррам айының оныншы күні – Ашура күні құтылған. Нұх қауымы Аллаға шүкіршілік ретінде қазан көтеріп, дорба түбіндегі там-тұм қалған бидай, арпа, ноқат, бұршақ, құмық секілді дақылдарды айран-сүтке малып, жеңсік ас әзірлеп, арқа-жарқа болып той жасаған. Бұдан кейін адамзат баласы әрбір жылы топан су қасіретінен құтылған күннің құрметіне Мұхаррам айының оныншы күні Ашура мерекесін дәстүрлі түрде тойлай бастаған. Яғни, бұл деректерден Наурыз мерекесінде дайындалатын түрлі дән-дақылдар қосылып жасалатын Наурыз көже мен Ашура тәттісінің мазмұны бір екенін аңғарамыз.

Ал Ашура мен Әз-Наурыз мерекесі бөлек-бөлек екі уақытта тойлануының себебін, Машһүр Жүсіп бабамыз Нұхтың бір ұлы бір жылы 355 күннен тұратын ай есебімен, келесі бір ұрпағы бір жылы 365 күннен тұратын жұлдыз есебін ұстауына байланысты өзгеріске ұшырағанын жеткізеді. Демек, Нұх қауымының топан судан құтылған күнін Григориян немесе Омар Хаямның күнтізбесімен жүретін Шығыс халықтары жұлдыз есебімен Наурыз айының 21-не тойласа, ал ай есебіне негізделген хижра жыл санауын ұстанатын өзге халықтар бұл мерекені Мұхаррам айының оныншы күні тойлайды. Тіпті, базбір түркі халықтары Ашура мен Әз-Наурызды бір мезгілде атап өтеді.