«ЗИРАТ ЖӘНЕ ЗИЯРАТ ЕТУ МӘДЕНИЕТІ» ОБЛЫСТЫҚ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТКІЗІЛДІ

Бүгін ҚМДБ Абай облысы өкілдігі қабірлерді тұрғызудың және оларды зиярат етудің халық арасында ортақ мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Зират және зиярат ету мәдениеті» атты дөңгелек үстел өткізді. Шара барысында зират көтеруде ескеретін жайттар мен шариғи үкімдері секілді маңызды мәселелер баяндалды.
Дөңгелек үстелге Абай облысының бас имамы Асқар Мұқанов, Абай облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев, облыс имамдары, қажылар, ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
“Біз қазақ халқы марқұмды, аруақты құрметтеген халықпыз. Бұл біздің салт-санамызға әбден сіңген ұғым. «Тумақ бар жерде, өлмек бар» демекші, бір адам дүние есігін ашып, өмірге келіп жатса, кей адамдар бұл дүниеден озып жатады. Бұл өзгермейтін ақиқат. Мұсылмандар үшін қабір әлемі – мәңгілік өмірдің алғашқы қақпасы, ақырет әлемінің бастауы. Адам тәні көмілген қабірлерді құрметтеу, таза ұстау, қорғау, бүлінген жерін ретке келтіру секілді бірқатар әдептерді сақтау біздерге жүктелген міндет. Бұл үндеу 2020 жылы 10 желтоқсан күні «Ислам–мәдениет пен  ізгіліктің бастауы» атты имамдардың IV республикалық форумында қабылданған «Зират және зиярат» құжаты негізінде әзірленді”, – деді сөзінде Асқар Әбітайұлы.