АБАЙ ОБЛЫСЫНДА МҰХАММЕД (С.Ғ.С) ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ӨМІРЛІК ӨНЕГЕСІ ДӘРІПТЕЛДІ

Семей қалалық Тыныбай мешітінің ұйымдастыруымен Абай облысы әйел жамағаттары арасында «Жүрек төрінен орын алған Мұхаммед (с.ғ.с.)» атты білім сайысы өтті. Бұл сайысқа Абай облысы мешіттерінің жамағатынан құралған 7 топ қатысты.

Білім жарысына Абай облысы бойынша Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Данагүл Төлегенқызы, Қос мұнаралы мешітінің ұстазы Динара Тұрсынбайқызы және Тыныбай мешітінің ұстазы Мадина Оразайымқызы төрелік етті.

Игі шара Құран Кәрім аятын оқумен басталып, Тыныбай мешітінің бас имамы Мақсат қажы Қуанышбекұлының қатысушыларға сәттілік тілеп, Алла елшісінің (с.ғ.с.) өмір жолын өнеге тұтудың маңыздылығын айтуымен жалғасты.

Сайыс 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең «Алғашқы» деп аталды. Бұл кезеңде қатысушылар Ислам тарихында «Ең алғашқы» орын алған тарихи маңызды оқиғаларға қатысты сауалдарға кезекпен жауап берді.

Екінші кезеңде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаяныны мен пайғамбарлық тарихының әртүрлі кезеңдерін мазмұндау бойынша сайысты.

Осылайша, алғашқы екі кезеңнен суырылып шыққан төрт команда финалда бақ сынасты. Финалда 10, 20, 30, 40 балдық ұяшықтарға жасырылған түрлі сұрақтарды таңдап, сол ұяшықтарға сұрақтардың шешімін табуға күш салды.

Қызықты да, тартысты өткен білім сайысында білімдері мен дайындықтары, бағы мен бабы қатар шапқан командалар жеңіс тұғырынан көрініп мақтау қағаздары және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда:

Әл-Азиз тобы (Қос мұнаралы мешіт) – Бас жүлде (100 МЫҢ ТЕҢГЕ);

Салауат тобы (Тыныбай мешіті) – 1-орын (70 МЫҢ ТЕҢГЕ)

Зере тобы (Абай Құнанбайұлы мешіті) – 2-орын (50 МЫҢ ТЕҢГЕ)

Рауда тобы – 3-орын (30 МЫҢ ТЕҢГЕ) иеленді.

Сайыс соңында Тыныбай мешітінің бас имамы Мақсат Қуанышбекұлы жеңімпаздарға сыйлықтарын табыстап, осы шараны ұйымдастырған Тыныбай мешітінің ұстазы Мадина Оразайымқызына алғыс айтып, мешіт жанындағы діни сауат ашу курсының жұмысын одан әрі жандандыра түсуге тілектестік білдірді.