ТЫНЫБАЙ МЕШІТІ: Тарих сыр шертіп, дәстүр дәріптелген ауызашар

 

Семей қалалық Тыныбай мешітінде мешіт ұжымы және жамағаттарының ұйымдастыруымен 200 кісіге арналып ауызашар дастарқаны жайылды.

Жиын барысында Тыныбай мешітінің бас имамы Мақсат қажы Қуанышбекұлы сөз алып, ізгі амалдың қабыл болуы үшін ең алдымен білім, сосын шынайы ниет, одан кейін ықылас және сабыр қажет екендігі турасында жамағатқа насихат айтты.

Келесі кезекте Абай облысы бойынша «Дін мен дәстүр» бөлімінің жауапты маманы Қуаныш Файзоллаұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялағанын және осы жылы салт-дәстүріміз бен бабаларымыздың сара жолын жаңғырту жолында бірқатар игі істер атқару жоспарланып отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ, ауызашарға жиналған жамағат арасында Қазақ хандығының көшін бастаған хандардың тізбегі және әртүрлі тақырыптарда мақал-мәтел айту бойынша білім сайысын өткізіп, жеңімпаздарға жамағат атынан түрлі сыйлықтар табысталды.

Мешітіміздің белсенді жамағаттары осынау рухани орталықта бірнеше жыл наиб имам болған, жақында басқа мешіттерге қызмет ауыстырған Ахметжан Рахманұлы мен Қуаныш Файзоллаұлына алғыстарын білдіріп, жамағат атынан сыйлықтарын табыстады. Сондай-ақ, Тыныбай мешітінде көп жылдар бойы тазалық қызметін атқарып келе жатқан Күлғасыл апайға да ризалықтарын айтып, сыйлықтарын берді.

Жиын соңында Тыныбай мешітінде Тарауих намазын өткізу үшін Түркия республикасынан арнайы келген Mehmet Kurt қари арнайы оқылған Құран Хатымды аяқтап, Мақсат қажы хатым дұғасын жасап, бақилық болған барша марқұмдарға, солардың қатарында қазақ елін өрге сүйреген хандарымыз бен батыр-билеріміздің, діни қайраткерлеріміздің рухына әдейілеп оқылған Құран хатым сауабын бағыштады.