АБАЙ ОБЛЫСЫ: «ӨТКЕНГЕ ҚҰРМЕТ – ТІРІГЕ МІНДЕТ» АКЦИЯСЫ

Мамыр айының 18-19-жұлдызында Абай облыстық орталық мешіті мен ҚМДБ, «ҚАМҚОР-ШАРАПАТ» салттық қызмет көрсету орталығының Абай облысы бойыншы өкілдігінің ұйымдастыруымен «ӨТКЕНГЕ ҚҰРМЕТ – ТІРІГЕ МІНДЕТ» атты зираттарды тазалау шарасы болып өтті. Игі шараға қала әкімшілігі де қолдау көрсетіп, Абай облыстық Дін істері басқармасы, Дін мәселелерін зерттеу орталығы мамандары, мешіт имамдары мен ұстаздары, сондай-ақ, жүздеген ерікті жамағаттар белсенді түрде қатысты.

Акцияның мақсаты – қабірлерді тазалап, абаттандыру ғана емес, сонымен қатар, жерлеу орындарында тазалық сақтаудың маңыздылығын түрғындарға түсіндіру. Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы зират басында тазалық ұстау тірілер үшін маңызды міндет екенін атап өтті.

Акцияға қатысушылар зираттардың маңайында жиналған түрлі қоқыстарды арнайы қаптарға жинап, қала әкімшілігі тарапынан бөлінген 3 жүк тиеуші және 4 жүк тасушы көлікпен қоқыс төгетін орындарға жеткізілді.

Бұл игі бастама Семей қаласымен ғана шектелмей, Абай облысының барлық аудандары мен ауылдарында да жүзеге асты. Аудан-ауылдарда да жергілікті әкімшілік пен жамағаттар белсенді түрдеу қолдау көрсетті.

«Тазалық – иманның жартысы», – дегендей жауапты, әрі, сауапты шараға үлес қосқан барша жандарға алғысымызды білдіреміз. Жыл сайын жүйелі түрде өткізіліп келе жатқан бұл акция алдағы уақыттарда да жалғасын таба бермек. Дегенмен, отандастарымызды тазалық сақтауға, әсіресе, зират тұрғызған уақытта қалдықтар мен қоқыстарды өздерімен бірге алып кетіп, арнайы қоқыс төгетін орындарға тастауға шақырамыз. Қабір басындағы тазалықты сақтауымыз – аруақтарға деген құрметіміздің көрінісі екенін естен шығармайық.