АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚҰРБАН АЙТҚА БАЙЛАНЫСТЫ БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫ ӨТТІ

Абай облыстық Абай Құнанбайұлы орталық мешітінің ұйымдастыруымен Құрбан айтқа қатысты баспасөз мәслихаты болып өтті. Пресс-конференцияға Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы, ҚР АШМ Ветеринария бақылау және қадағалау комитеті Семей қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Байтұяқов Замир Борисұлы, Семей қалалық санитарлық-эпидемиолргиялық бақылау басқармасы басшысы Шыңғыс Уалқанұлы, Семей қалалық ПБ, Әуезов жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полция подполковнигі Төлеумұханов Ернұр Тохтарұлы қатысты.

Асқар қажы Әбітайұлы халықты келе жатқан Құрбан айт мерекесімен құттықтап, биылғы Құрбан айт мерекесі Маусым айының 16-17-18 жұлдыздарына сәйкес келетінін, Айт намазы Абай облысы бойынша таңғы сағат 06:00-де оқылатынын жеткізді. Сондай-ақ, барша мұсылман қауымы үшін ұлық мереке саналатын қасиетті Құрбан айт күні мұсылман адамның істейтін ең сауапты амалдары – Айт намазын оқу және Құрбандық шалу екендігін, сонымен қатар, ағайын-туыстарымызды айтпен құттықтап, бала-шағамызға бұл күннің қадірін түсіндіру мақсатында сыйлықтар беріп, қуанышты көңіл-күй сыйлау да маңызды екендігін баяндады. Құрбан шалудың шарттары мен әдептері, құрбандыққа жарамды малдардың сипаттары, құрбандық шалу уақыттары, құрбандық етін мұқтаж жандарға тарату мәселелері туралы бірқатар ақпараттар берді.

ҚМДБ-ның бастамасымен Абай облысы өкілдігі ұйымдастырып жатқан «РАББЫҢ ҮШІН ҚҰРБАН ШАЛ» акциясы туралы, жалпы мешіттер тарапынан Құрбан айтқа байланысты қандай іс-шаралар өткізілетінін, соған байланысты қандай дайындықтар жасалып жатқанын баяндады. Құрбандық шалуға қатысты төмендегі ақпараттар легін жеткізді:

1)      Санитарлық талаптарға сай мал соятын арнаулы орындар тағайындалды, яғни, Құрбандық малдары Дальный кенті қасапханасы мен Жоламан Сары базар қасапханасында шалынады.

2)      Қол жетімді бағамен құрбандыққа жарамды малдар (қой, ісек, қошқар, сиыр, өгіз, бұқа) дайындалды. Қой бағасы – 65 мың тг; Ешкі – 40 мың тг; Ірі қара мал бағасы – 450 мың тг болып бекітілді.

(Қасапшы еңбегі,бата жасау,жіліктеп пакетке салу қызметі ТЕГІН)

3)      ҚМДБ «Халал даму» мекемесі және «Шариғат және пәтуа» бөлімі мамандары тарапынан арнайы ұйымдастырылған семинардан өтіп, Халал сертификатқа ие болған қасапшылар;

4)      Бата беріп, дұға жасайтын имам-молдалар;

5)      Құрбандық етін уақытша сақтайтын тоңазытқыштар;

6)      Мұқтаж отбасылардың тізімі;

7)      Мұқтаж жандарға құрбандық еттерін таратушы мешіт қызметкерлері мен ерікті жамағаттар бекітілді;

Құрбандық шалуға өтінішті QURBAN2024.KZ сайты немесе 87753947596 (Ерлан имам) номеріне хабарласу арқылы беруге болады.

Құрбандық малдарын таңдап көру үшін 87751772300 (Рашид имам) номеріне, ал, құрбандық шалуға қатысты қандай да бір діни сұрақ болса 87775954234 (Қуаныш имам) номеріне жазуға болады.

Сондай-ақ, өзге де пресс-конференция қатысушылары Құрбан айт уақытында халық ескеруге тиісті бірқатар мәселелер туралы сөз қозғап, тазалық сақтау, тәртіп сақтау мәселелерінің маңыздылығын жеткізді.

Жиын соңында журналисттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, келе жатқан Құрбан айт мерекесімен құттықтау тілектері айтылды.