АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚҰРБАН АЙТ – 2024 (ҚОРЫТЫНДЫ)

Құрбан айт жылдан жылға халқымыздың жүрегіне тереңінен орын алып, діни мереке ретінде ғана қарастырылмай, ұлттық сипат алып келе жатыр. Мұны халқымыздың Құрбан айттағы мерекелік көңіл-күйі мен түрлі рухани, мәдени шаралардан байқауға болады.

Абай облысы бойынша да биылғы жылғы Құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Абай облысының барлық мешіттерінде таңғы сағат 6-да Айт намазы оқылып, жамағат бірін-бірі айтпен құттықтап, ақсақалдар ақ баталарын берсе, мешіттеріміздің алдында киіз үйлер тігіліп, айттық дастарқандары жайылып, ыстық бауырсақтар мен айттық тағамдары таратылып, ұлттық спорт ойындарынан сайыстар өткізілді.

Биылғы Құрбан айтта Абай облысы бойынша барлығы 1467 қой, 39 ешкі, 151 сиыр және 1 түйе құрбандыққа шалынса, оның ішіндегі 123 қой-ешкіге Qurban2024.kz сайты арқылы онлайн негізде тапсырыс беріліп, уәкілдік құрбан ретінде шалынды. Сондай-ақ, құрбандық еттері мешіттерімізге қайырымдылық көмек сұрап өтініш берген 5243 отбасыға таратылды.

Құрбан айт мереке болғандықтан, бүлдіршіндерімізге қуаныш сыйлау мақсатында Имани жаз курсында тәлім алып жатқан 200-ге жуық баланы қаламыздағы BALA PARK ойын-сауық орталығына апарып ойнатып, облыс бойынша 300-ден астам балаларға Айттық сыйлықтары берілді.

Сондай-ақ, облысымыздағы түрлі мекемелер ұжым атынан айттық дастарқандарын жайып, құрбандықтар шалып, әріптестеріне құрбандық еттерінен дәм татқызды.

Ерекше атап өтетіні Семей қаласындағы BALA PARK ойын-сауық орталығының әкімшілігі Құрбан айттың бірінші күні арнайы киіз үй тігіп, балалар арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізіп, бағалы сыйлықтармен марапаттап, айттық дастарқанын жайып, концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, қала тұрғындарына қуаныш сыйлады. Бұл игі шараға Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы да қатысып, құттықтау тілегін айтып, Құрбан айттың балалар жүрегінде осындай мерекелік сипатта орын алуының маңыздылғын жеткізді.

Құрбан айттағы барлық игі шаралардың жоғары деңгейде өтуіне ат салысқан барша мешіт қызметкерлеріне, белсенді жамағаттарына, жергілікті әкімшіліктер мен дін жанашыры азаматтарымызға Алла разы болсын дейміз! Айттан айтқа еліміз аман, жұртымыз тыныш, береке-бірліктер жете берейік!