АБАЙ ОБЛЫСЫ: “ИМАНИ ЖАЗ – 2024” КУРСЫНДА 1067 ШӘКІРТ ТӘЛІМ АЛДЫ

Абай облысы мешіттерінде Маусым айының 3-ші жұлдызынан “ИМАНИ ЖАЗ – 2024” жазғы діни сауат ашу курсы аяқталып, бір айға жуық Құран әліппесі мен Имандылық әліппесі дәрістерін үйренген шәкірттерге сертификат табысталды. Жалпы, Абай облысы бойынша 1067 шәкірт, ал, Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешітте 120 шәкірт рухани дәрістерде тәлім алды.

Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлының атынан осы курс барысында шәкірттерді білім нәрімен сусындандырға мешіт ұстаздары мен тағылымдамадан өтіп жатқан Нұр-Мүбәрак университеті мен медресе-колледж студенттеріне Алғыс хаттар мен қаржылай сыйақылар табыс етілді.

Жалпы, биылғы жылғы Имани жаз курсының ерекшелігі Құран әліппесімен қатар ҚМДБ Діни оқу-ағарту бөлімінің мамандары тарапынан дайындалған “Имандылық әліппесі” кітабының оқытылуында болды. Аталмыш еңбек Алланың көркем есімдері, балаларға түсінікті тілде діни мәліметтермен қатар, қазақи өлең-жырлар, мақал-мәтелдер мен ғибратты оқиғаларды қамтыған 15 дәрістен құралып, балалар үшін өте ыңғайлы оқу құралы қызметін атқарды.

Еліміздің келешегі саналатын бүлдіршіндеріміз рухани бай, жан-жақты сауатты, иманды да адамгершілікті болып өссін деп тілейміз!