ИСЛАМ ЖӘНЕ ОТБАСЫ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаcына салауаттар мен сәлемдер болсын!

 

Дініміз исламда отбасылық құндылықтарға ерекше мән берілген. Ерлі-зайыптылардың өзара міндеттері бекітілген. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 187-аятында:

هُنَّ لِبَاسٌ لَكُمْ وَأَنْتُمْ لِبَاسٌ لَهُنَّ

«Олар сендер үшін киім (іспетті), сендер де олар үшін дәл сондай киім (секілдісіңдер)», – деп айтқан.

Аталмыш аятта Алла Тағала ерлі-зайыпты адамдарды киімге теңеуі тегін емес. Себебі киім адамды ыстық пен суықтан қорғайды, денесіндегі кемшілігін жабады, бойына көрік береді. Сол сияқты ерлі-зайыпты адамдар да, бір-біріне қамқор, жақсылығын асырып, кемшілігін жасырып, біріне бірі  көрік бола білуі тиіс.

Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасылық өмірінде жұбайларына мейіріммен қарайтын адал жар, балаларына көркем тәрбие беретін өнегелі әке болуы арқылы біздерге үлкен үлгі бола білді. Хадис-шәріпте:

اسْتَوْصُوا بِالنِّسَاءِ خَيْرًا ، فَإِنَّ الْمَرْأَةَ خُلِقَتْ مِنْ ضِلَعٍ وَإِنَّ أَعْوَجَ مَا فِي الضِّلَعِ أَعْلاهُ ، فَإِنْ ذَهَبْتَ تُقِيمُهُ كَسَرْتَهُ وَإِنْ تَرَكْتَهُ لَمْ يَزَلْ أَعْوَجَ ، فَاسْتَوْصُوا بِالنِّسَاءِ

«Әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болыңдар, өйткені әйел (Адам атаның) қабырғасынан жаралған, ал оның ең қисық жері жоғарғы жағында. Егер сен қабырғаны түзеткің келсе, онда оны сындырып аласың, ал егер оны өз жөніне қойсаң, онда ол сол қисайған күйінде қала береді, сондықтан әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болыңдар», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Дін мен дәстүрін қадір тұтқан дана халқымыз да «Отан – отбасынан басталады» деп, отбасының қоғамдағы орнын ерекше бағалаған.  Өйткені кез келген қоғамда адами жақсы қасиеттердің кеңінен тарауы үшін әр отбасының береке мен бірлікте өмір сүруінің маңызы зор.

Әр отбасының іргесі мықты болып, түтіні түзу шығуы үшін отбасындағы ер мен әйелдің өзіне жүктелген міндеттерге, отбасылық әдептерге мән бергені дұрыс. Сонда ғана ол шаңырақта сыйластық пен сүйіспеншілік орнамақ. Халық даналығында:

Екі жақсы қосылса,

Ай мен күндей жарасар.

Екі жаман қосылса,

Ырылдасар, таласар, – дейтіні осыдан болса керек.

Дінімізде ерлі-зайыпты адамдардың атқаруы қажет болған міндеттері мен әдептері көп. Солардың ішінде шаңырақтың шаттыққа, отбасының бақытқа бөленуіне себепші болатын мынадай бес құндылыққа мән бергеніміз жөн:

Бірінші, өзара жақсы мәміледе болу

Ерлі-зайыптылардың өзара жақсы мәміледе болып, мейірімділіктің аясында қарым-қатынас жасаулары отбасы бақытының негізгі кілті саналады. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Рум» сүресі, 21-аятында:

وَمِنْ آيَاتِهِ أَنْ خَلَقَ لَكُمْ مِنْ أَنْفُسِكُمْ أَزْوَاجًا لِتَسْكُنُوا إِلَيْهَا وَجَعَلَ بَيْنَكُمْ مَوَدَّةً وَرَحْمَةً إِنَّ فِي ذَلِكَ لَآيَاتٍ لِقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ

«Сендерге жандарың жай тапсын деп, өз болмыстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім сезімін ұялатқаны Оның (Алланың) нақ белгілерінен. Міне, осының өзін ақылға салып ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер бар», – деп айтқан.

Бұл аятта сүйіспеншілікпен бірге мейірімнің қатар қолданылуы тегін емес. Өйткені жұбайлар арасында мейірімділік сақталған жағдайда ғана, олардың арасында сүйіспеншілік орнамақ. Қандай да бір отбасында мейірім жоғалса, олардың арасындағы сүйіспеншілік те жойылады.

Осы себепті де ерлі-зайыптылар бір-біріне қатты сөз айтып, жүрегін жаралау, дөрекілік жасау сияқты істерден барынша сақ болуы қажет. Әсіресе балалардың көзінше ұрыс-керіске баруға мүлде болмайды. Ата-ананың әрбір сөзі мен ісінен үлгі алатын ұрпақ өзге бауырларымен, басқа да адамдармен қарым-қатынаста тез ашуға берілгіш, қатты да дөрекі болып жетілуі әбден ықтимал. Қазақ халқында балалардың көзінше ер адам әйелін отбасының анасы деп құрметтеп, ер адамды жары отағасы деп құрметтеу арқылы балаларға да өзара сыйластықта болуды үйреткен. Сондықтан да ер адам жарын құрметтемеу арқылы балалардың көзінше ананың қадір қасиетін түсіреді. Сол сияқты әйел адам отағасына қатты сөздер айтып, қарсы шығу арқылы балалардың көзінде әкенің қадір-қасиетін кетіреді.

Ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі етер болсақ отбасы мүшелерімен әрдайым жақсы мәміледе, мейірімділіктің аясында қарым-қатынас жасайтын болған. Хадис шәріпте:

خِيَارُكُمْ خِيَارُكُمْ لِنِسائِهِمْ

«Сендердің ең жақсыларың әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болғандырың», – деген (имам Термизи).

Екінші, өзара кешірімді болу

Кешірімділік – отбасы тұрақтылығының басты негіздерінің бірі. Кемшіліксіз адам болмайтындығын ескерер болсақ, ерлі-зайыптылар да бір-бірінің кейбір кемшіліктеріне көз жұмып, сабыр ете білуі қажет.  Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 19-аятында:

وَعَاشِرُوهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ فَإِن كَرِهْتُمُوهُنَّ فَعَسَى أَن تَكْرَهُواْ شَيْئًا وَيَجْعَلَ اللَّهُ فِيهِ خَيْرًا كَثِيرًا

«Олармен құпталған бойынша тату өмір сүріңдер. Тіпті, оларды жақтырмасаңдар да, сабыр етіңдер. Өйткені сендер жақтырмаған нәрседе Алла көп жақсылық жасап қойған болуы мүмкін», – деп айтқан.

Бұл ретте ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты екі жақтан тартып ұстап тұрған нәзік жіпке теңеуге болады. Оның бір басын тартқанда екінші жағын сәл босатып отырмаса, нәзік жіп үізіліп қалатындығы сияқты, отбасында да бірінің кемшілігін бірі кешіріп отырмаса, отбасылық қарым-қатынастың да бұзылуы оңай.

Халқымызда «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп жатады. Отбасында кішігірім реніш, өкпе-наз болып қалуы мүмкін. Осы кезде тәкаппарлыққа, өркөкіректікке салынбай бірден кешірім сұрауға тырысу керек. Егер жарыңыз сізден кешірім сұраса, бірден кешіріп жіберу – нағыз мұсылманға тән сипат. Қасиетті Құран Кәрімнің «Шура» сүресі, 43-аятында Алла Тағала:

وَلَمَنْ صَبَرَ وَغَفَرَ إِنَّ ذَلِكَ لَمِنْ عَزْمِ الأُمُورِ

«Әрине кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы», – деп айтқан.

Дін мен дәстүрін қатар алып жүрген ата-бабаларымыз жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтындығын ескеріп: «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік» немесе «Жақсы адамның ашуы – шәй орамал кепкенше» – деуі арқылы, ренжісті ұзаққа созбай, тезірек кешірісудің адам бойындағы ізгі қасиеттерден екендігін айтқан.

Үшінші, бір-біріне жақсы көңіл-күй сыйлау

Отбасы мүшелеріне жақсы көңіл-күй сыйлау, олармен қалжыңдасу, ойнау ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалдарына жатады. Бұлай істеу отбасылық өмірдің мәнін келтіріп, ерлі-зайыптылардың өзара қарым-қатынасын нығайта түсері сөзсіз. Хадисте:

كُلُّ مَا يَلْهُو بِهِ الرَّجُلُ المُسْلِمُ بَاطِلٌ إِلا رَمْيَهُ بِقَوْسِهِ وَتَأْدِيبَهُ فَرَسَهُ وَمُلاعَبَتَهُ أَهْلَهُ فَإِنَّهُنَّ مِنْ الْحَقِّ

«Мұсылман адам үшін үш нәрседен басқамен көңіл көтерудің барлығы жалған: садағын атуы, атын үйретуі, әйелімен ойнауы. Расында, олардың да ақысы бар», – деп айтылған (имам Ахмад).

Сондықтан да ер адамның отбасын асыраудан бөлек отбасы мүшелерімен бірге серуендеу, табиғатқа шығу, ойын ойнау сияқты істерге уақыт бөлу – сүннет амал. Айша анамыз (Алла оған разы болсын) Алла Елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапарда бірге болған кезіндегі мына оқиғаны баяндайды:

«Бір кезде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  сахабаларына «алдыға қарай жүре беріңдер» деп бұйрық берді. Маған: «ал, кеттік, кім қаттырақ жүгіреді екен?» – деді. «Мен ол кісімен жарысып, озып кеттім». Осыдан бірнеше жыл өткеннен кейін мен тағы бір сапарға барғанымда ол кісі сахабаларына алдыңғы жолдағыдай «алдыға қарай жүре беріңдер», – деп бұйрық берді де,  маған: «ал кеттік кім қаттырақ жүгіреді екен», – деді. Бұл уақытта мен алдыңғы жолғы жағдайды ұмытып та үлгерген едім. Салмағымда, едәуір ауырлаған еді. Мен: «Уа, Алланың Елшісі, мен мына күйімде сізбен қалайша жарыспақпын?» – дедім. Ол кісі «болсаңшы, енді», – деді. «Мен жүгіре жөнелдім, бірақ бұл жолы Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мені озып кетті». Кейін ол кісі (жымиып): «Бұл сенің алдыңғы жолғы озып кеткендігің үшін», – деді.

Ерлі-зайыптылар арасында қалжыңдасу жақсы амалға жатқызылғанымен, оның да өзіндік шегін білген жөн. Қалжыңға сүйеніп бір-бірін кемсітуге, төмен түсіруге, мазақ етуге болмайды. Әсіресе, жарының туыстары мен жақындарына, шыққан руына, ата-тегіне тіл тигізуден аса сақ болу қажет. Бұлай істеу адамның намысына тиіп, оның ашуына себеп болып, өзара қарым-қатынастың бұзылуына дейін алып келуі әбден мүмкін.

Төртінші, бір-біріне сыйлық беріп тұру

Отбасылық өмірде ерлі-зайыптылар арасында үлкенді-кішілі сыйлықтардың жүріп тұруының маңызы зор. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

 تَهَادُوا تَحَابُّوا

«Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, бір-біріңді жақсы көретін боласыңдар», – деген (имам Бұхари).

Сыйлық беру арқылы адам баласы өзге адамға деген құрметін, оны бағалап, сыйлайтынын білдіреді. Әлде бір адам өзге кісіні ренжітіп қойған кезінде, кешірім сұраумен қатар сыйлық беру жүрегіндегі реніштің кетуіне, ашуының тарқауына себепші болады. Осы себепті де отбасының берекесін ойлған ер мен әйел бір-біріне себеппен және себепсіз сыйлық тарту етіп тұрғаны жақсы. Даналық сөзде: «Сыйлық – ерлі-зайыптылар арасындағы елші», – деп айтылған.

Бұл тұста мәселе сыйлықтың үлкендігінде емес, кішкентай зат болса да, соны беру арқылы ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген құрметі мен сыйластығын паш етуінде. Кей кездері заттай сыйлықтан бөлек жұбайлар арасында айтылатын жылы сөздің өзі үлкен сыйлыққа айналып, отбасы берекесінің кіруіне үлкен ықпалын тигізері сөзсіз. Хадисте:

وَالْكَلِمَةُ الطَّيِّبَةُ صَدَقَةٌ

«Жақсы сөз – садақа», – деп айтылған. Адам баласы отбасы мүшелеріне, өзге де адамдарға айтқан әрбір жақсы сөзі үшін садақа берген адамның сауабын алады.

Әсіресе ер адам жұбайына оның әдемілігін, киім-киісі, жүріс-тұрысының әсемдігін айтып, ескеріп жүруде сараңдық танытпағаны жөн. Отбасылық өмірде жылы сөз, жылы лебіз, жақсы есімдермен атау, сезімін білдіру сияқты сөздер неғұрлым жиі айтылса, соғұрлым ол отбасының берекесі де арта түспек. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша анамызды «Айшажан» деп еркелетіп атаған кездері болған.

Бесінші, ізгі ұрпақ тәрбиелеу

Ерлі-зайыпты адамдардың негізгі өмірлік мақсаттарының бірі – ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Ата-бабаларымыз: «Уа, Алла бала бер, бала берсең сана бер», – деп, ұрпағының салиқалы да саналы болуына аса мән берген. Алла Тағаланың бір отбасына нәресте сыйлауы олар үшін берілген үлкен нығмет. Ол нығметке ата-ананың шүкірлігі перзентіне дұрыс тәлім тәрбие беру арқылы жүзеге асады.

Ата-ана өз перзенттерін тәрбиелеуде бар күш-жігерін салып, талмай еңбек етіп, бала-шағасын имандылыққа баулып, ізгі де білімді болып өсуіне аса назар аударуы қажет. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір өсиетінде:

أَلاَ كُلُّكُم رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ: فَالأَمِيرُ الَّذِي عَلَى النَّاسِ رَاعٍ عَلَيْهِم وَهُوَ مَسْئُولٌ عَنْهُمْ، وَالرَّجُلُ رَاعٍ عَلَى أَهْلِ بَيْتِهِ وَهُوَ مَسْئُول عَنْهُمْ، وَالْمَرْأَةُ رَاعِيَةٌ عَلَى بَيْتِ بَعْلِهَا وَوَلَدِهِ وَهِيَ مَسْئُولَةٌ عَنْهُمْ

«Біліп қойыңдар! Сендердің барлығың бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауапкерсіңдер. Әмірші (басшы) – адамдарға бақташы, ол – сол отарына жауапкер, ер кісі – өз отбасына бақташы, сол отарына жауапкер, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі солардан сұралады», – деген (Әбу Дәуід).

Баланы дұрыс тәрбиелеуі үшін ата-ана ең алдымен өзін тәрбиелеуі қажет. Өйткені бала тәрбиені біздің сөзімізден емес, ісімізден қарап үлгі етеді. Осы ретте баланың санасын ешнәрсе жазылмаған ақ қағазға ұқсатуға болады. Ал оған не нәрсені жазу ата-ананың қолында. «Шешеге қарап қыз өсер, атаға қарап ұл өсер», – демекші, бала ата-анасының жүріс-тұрысына, сөйлеген сөзіне, қандай үлгі көрсететініне қарап жетіледі. Сондықтан да әке-шешесі баласын қандай да бір жақсылыққа бұйырса немесе бір жаман істен тыятын болса, алдымен оған өзі үлгі бола білуі керек. Мұндайда халқымыз: «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», – дейді. Егер ата-ана баласын бір іске бұйырып, өзі соны істемесе, не болмаса, керісінше, бір нәрседен тыйып, ал өзі соны істесе, ол адам баласына жақсы үлгі бола алмағандығын көрсетеді. Ондай тәрбие ешқашанда өз жемісін бермейді. Сол үшін әке-шеше шыншылдықта, жақсылық жасауда, тақуалықта, кешірімдікте, басқа адамдармен қарым-қатынаста қысқасы, барлық істерде өз балаларына үлгі бола білуі керек.

Ізгі ұрпақ тәриелеудің бұл дүниеде ғана емес, ақыреттік жемісі де өте үлкен. Ол турасында Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إذَا مَاتَ ابْنُ آدَمَ انْقَطَعَ عَمَلُهُ إلا مِنْ ثَلاثٍ: صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ ، أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ، أَوْ وَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ     

«Адам дүниеден өткенде оның үш амлынан басқасының бәрі тоқтап қалады. Олар: үзілмейтін садақа, басқаларға пайдасы тиетін білім және салиқалы ұрпақтың оған арнап жасайтын дұғасы», – деген (имам Мүслим).

 

Қадірменді жамағат!

Әр отбасында береке мен бірлік орын алуы үшін ерлі-зайыптылар арасындағы ақыларды орындау дінімізде ер мен әйелден бірдей талап етіледі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 228-аятында:

وَلَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ

«Ерлердің әйелдердегі ақылары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі ақылары бар», – деп айтқан.

Ендеше, әрқайсымыз отбасымызды аманат деп біліп, оның сүйіспеншілік пен берекеде болуы үшін өзімізге жүктелген міндеттерімізді аса жауапкершілікпен орындауымыз қажет.

Алла Тағала шаңырақтарымызға береке, отбасы бала-шағаларымызға амандық беріп,  қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі