Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы Абай мұражайына Абай Құнанбайұлы атамыздың мұрасына Мысыр Мәдениет министрлігі тарапынан берілген «Адамзат өркениетіне қосқан үлесі үшін» марапатын және Абай атамыздың еңбектерінің толық жинағының араб тіліне аударылған нұсқасын табыстады.
Бұл марапат Абай атамыздың туған күніне орай 2024 жылдың 12 тамызында Мысыр Премьер министрінің қолдауымен 11-ші Каир халықаралық дәәстүрлі өнер және поезия фестивалінде Мысыр Мәдениет министрлігі жанынан құрылған комиссияның шешімімен Абай Құнанбайұлының мұрасына берілген еді.
Арнайы ескерткіш сыйлық пен оның куәлігі Қазақстан Республиканың Мысыр Араб республикасындағы Елшілігіне салтанатты түрде табыс етілді.
Өз кезегінде ҚР Мысыр еліндегі елшісі Қайрат Лама Шәріп мырсаз Мысыр Араб Республикасына арнайы іс-сапармен барған ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына аманаттап, Абай мұражайына табыстауын сұраған еді.
Сол аманатты бүгін Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы Абай мұражайының директоры Ұлан Болатұлының қолына зор құрметпен табыс етті.
Ұлан Болатұлы «Абай қазақтың маңдайына біткен әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғасы. Ақын мұраларының халықаралық мәдениет және поэзия фестивалінде «Адамзат өркениетіне қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығына лайық болып марапатталуы біз үшін зор мәртебе. Сыйлық ескерткіші мен марапатының ҚМДБ арқылы аманатталып Абай музейіне табысталуының тарихи мәні зор. Абай мұрасы әлі де ғасырдан ғасырға жалғаса берері даусыз», – деп өз разылығын білдірді.
Пікір қалдыру