Абай облысының Бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы Мақаншы ауданына іс-сапары барысында аудандық Қабанбай батыр мешітінде Жұма намазына жиналған жамағатқа “Отбасы бақыты және оның құндылығы” туралы уағыз-насихат айтып, жұма намазын өткізді.
Алла Тағаланың бұл өмірде адам баласына берген үлкен нығметінің бірі – шаңырақ көтеріп, отбасылы болу. Отбасын құру – барлық пайғамбардың сүннеті. Алла Тағала қасиетті Құранның «Рағыд» сүресі, 38-аятында:
وَلَقَدْ أَرْسَلْنَا رُسُلًا مِّن قَبْلِكَ وَجَعَلْنَا لَهُمْ أَزْوَاجًا وَذُرِّيَّةً
«Расында сенен бұрын да пайғамбарлар жібергенбіз. Оларға да жұбайлар, ұрпақтар бергенбіз», – деп айтылған.
Расында да отбасы құндылықтары – халқымыздың рухани байлығының бірі. Отан деген қасиетті ұғымның өзі отбасынан басталады. Мемлекет те жекелеген отбасының қосындысынан құралады. Әрбір елдің келешегі отбасында тәрбиеленіп өскен ұрпаққа байланысты. Сондықтан отбасындағы құндылықтар қоғамның негізгі құрамдас бөлігі болып табылады.
Қазіргі күні некеге дейін көп жастарымыз бар сезімін білдіріп, некеден кейін өкінішке орай сол сезімдерді таппай қалып жатамыз. Уақыт өте келе мейірімділіктің орнын дөрекілік алмастырып, кейіннен: «Бір-бірімізге жақын едік, қазір алыстап кеттік», «Бала-шаға үшін ғана жүрміз» дейтін жағдайға жеткен отбасылар да бар. Сондықтан ерлі-зайыптылар бір-бірін бағалап, мейірімділіктің аясында қарым-қатынас сақтайтын болса, өзара махаббат та сақталады. Алла Тағала жоғарыдағы аятта:
وَجَعَلَ بَيْنَكُمْ مَوَدَّةً وَرَحْمَةً
«Араларыңа махаббат пен мейірімділік сезімін ұялатты», – деп махаббат пен мейірімділікті бірге айтуының сыры осыда болса керек, – деп атап өтті Асқар қажы Әбітайұлы.
Сондай-ақ, Асқар Әбітайұлы кешкілік ауызашар дасьарқанына жиналған жамағатқа да уағыз-насихат айтып, жамағатты ауызбіршілікке, қоғам игілігі үшін аянбай қызмет етуге шақырды.
Пікір қалдыру