РАҚЫМ АЙЫ – РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті Абай елінің жамағаттары!
Баршаңызды көктемнің алғашқы шуақты күнімен қатар келген қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаймын!
Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын айтқан.
Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық! Пенденің осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады.
Бұл айда Құран түскен. Құран Кәрім – Алла Тағала тарапынан түсірілген, үкімі қияметке дейін жалғасатын, адамзат баласы үшін тура жол нұсқаушы ретінде берілген ұлы сый. Алла Тағала бұл жайында: «Біз саған әр нәрсені баяндайтын және мұсылмандар үшін тура жол, мейірім және сүйінші ретінде Құранды түсірдік», – деп айтқан («Нахл» сүресі, 89 аят). Ал ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Құран оқыңдар, өйткені ол Қиямет күні өзін оқығандар үшін шапағатшы ретінде келеді», – деп біздерге қасиетті Құранды жиі оқуымызды өсиет еткен
Үстіміздегі жыл халқымыз үшін мерекелі жыл болып отыр. Биыл хакім Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Абай мұрасы — қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ, алтын қазынасы. Мерейтойды лайықты қарсы алып, халқымыздың рухани көсемінің ілімдерін халық арасына кеңінен насихаттау Абай елі дін қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі болып саналады.
Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 35 жыл толды. Осы жылдар ішінде елімізде дініміз Ислам кеңінен қанат жайып, көптеген ауқымды істер атқарылды. Алдағы кезеңде мерейтойдың аясында түрлі рухани шаралар өткізу жоспарланып отыр. Бұл шаралар еліміздегі рухани дамуды нығайтуға зор ықпал етеді деген сенімдеміз.
Таяуда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазірет дін қызметкерлеріне Бағдарлық баяндамасын жолдап, 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялады. Бұл атаулы жылдың басты мұраты – отбасындағы өзара мейірімділік, ізгілік, адамгершілік сынды қанға сіңген қасиеттерді жаңғырту болып табылады.
Мүбәрак айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болсын! Әр шаңырақта аманшылық болып, Жаратушы Иеміз әр отбасына бақ-береке дарытсын!
Сүйікті Отанымыз – Қазақстан мемлекетінің мерейі үстем болып, Алла Тағала егеменді елімізге бейбіт өмір, ынтымақ-береке және мол ырыс нәсіп етсін!
Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әумин!

Ізгі ниетпен, Асқар қажы Әбітайұлы,
Абай облысының бас имамы және Семей қаласындағы
Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешіттің бас имамы.