Бурабайда өткен Ұлттық Құрылтайдың қатысушыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ауызашар берілді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент ауызашарға жиналған қауымды Әз-Наурыздың бастауы – Көрісу күнімен құттықтап, қасиетті Рамазан айында тұтқан оразалары қабыл болуына тілектестік білдірді. Сондай-ақ Көкше жерінде өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында көптеген салмақты ұсыныс айтылып, қоғамды толғандырып жүрген маңызды мәселелер көтерілгенін атап өтті.
«Елдік істе күш біріктіру – біртұтас ұлтқа тән қасиет. Сіздер әрдайым азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп жүрсіздер. Баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін. Рамазан айы – «Айлардың сұлтаны». Осы кезде азаматтарымыз игі амалдар жасауға тырысады. Мұқтаж жандарға көмектеседі. Иман келтіріп, рухани жағынан тазарады. Түптеп келгенде, мұның бәрі жұртымыздың ынтымағын арттырады. Берекелі бірлігімізді бекемдей түседі» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, 14 наурызда еліміздің ірі қалалары мен облыс орталықтарында Президент атынан ауызашар берілді.
Пікір қалдыру