АБАЙ ОБЛЫСЫ: ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ ИМАМДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Абай облысындағы “Әлихан Бөкейхан” университетінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының кеңесшісі Отарбаев Мәлік Нұржанұлы мен Абай облысы имамдарының кездесу жиыны өтті. Жиынға Абай облысы бас имамы Асқар Әбітайұлы, облыс имамдары және Абай облыстық Дін істері басқармасының мамандары қатысты.

Аталған жиында ұлттық бірегейлікті сақтаудағы Ислам дінінің  рөлі, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу, діни білім беру ісі және жастар арасында діни сауаттылықты арттыру мәселелері кеңірек талқыланды. Сонымен қатар, дінаралық татулық пен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі имамдардың жауапкершілігіне де ерекше назар аударылды.

Президент кенесшісі дін қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан қолдау жалғасатынын жеткізді.  Ол сондай-ақ экстремизм мен радикализмнің алдын алу, мешіттер мен діни оқу орындарының тәрбиелік миссиясын күшейту бағытында бірлескен жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.

Жиын соңында имамдар өз ұсыныстарын ортаға салып, сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.