АБАЙ ОБЛЫСЫ: УАҚЫП – САРҚЫЛМАС ҚАЗЫНА СЕМИНАРЫ ӨТТІ

Абай облысы бойынша Уақып қорына жауапты маманы – Біржан Аманжолұлы ұйымдастырылуымен облысымыздың имамдары және жамағаттары арасында семинар өтті.

Адамның өмір сүру дағдысы мен діни таным-түсініктер күн сайын өзгеруде. Алайда біз «әр нәрсе өз асылына, негізіне оралады» деген тұжырымды сөздің өміршеңдігіне көз жеткізіп келеміз. Соның бір дәлелі ретінде айтатын жайт, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманынан бастау алып, ата-бабаларымыздан осы күнге дейін жалғасып келе жатқан жақсы істің бірі, үзілмейтін садақаның түрі – уақыптың қайта жаңғыруы.

Сөздікте уақып «ұстау» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатымыздағы мәні – белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалану. Мысалы, үзілмейтін садақа жасауды ниет еткен адам жылжымайтын мүлікті Алла жолында уақып етсе, оның игілігін мұқтаж жандар ұдайы көреді.

Біздің елімізде діни уақып жақсы дамып келеді. Діни уақып дегеніміз – құлшылық жасауға, білім алуға арналған жылжымайтын мүліктер (мешіт, медресе, жоғары діни оқу орны, қайырымдылық мекемесі, т.б.). Сонымен қатар, қайырымдылық уақып бағыты да қарқын алды. Қайырымдылық уақып дегеніміз – жылжымайтын мүлік пен қаржы көздерін сауапты істерге жұмсау.