Қасиетті Рамазан айының құрметіне орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Абай облысы өкілдігі Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен мешіт жамағаттары арасында «Әсем әуезді азаншы» атты облыстық азан жарысы өтті.
Көркем дауыспен Алланың есімі ұлықталған сауапты сайыста Абай облысының түкпір-түкпірінен келген 25 қатысушы бақтарын санады.
Жарыстың ашылуында Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Байқауға Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешіттің имам-ұстаздары төрешілік етіп, жүзден жүйрікті анықтады.
Сайыс өте тартысты өтіп, жеңімпаздар финалдық бәсекеден кейін ғана анықталды.
Жеңімпаздарға Азан айту мақамы, дауысының көркемдігі, тәжуид ережелерін сақтауы, Азанға қатысты сұрақтарға дұрыс жауап беруі және киім үлгісіне қарап баға берілді.
Жарыс қорытындысы бойынша Абай Құнанбайұлы мешітінің жамағаты Қалымхан Айболат бас жүлдені иеленіп, Умра қажылығына жолдаманы жеңіп алса, 1-орын иеленген Аягөз ауданынан келген Оралқажы Шыңғысқа бір жылқы сыйға берілді. Жүлделі 2-ші, 3-ші орындарды иеленген Үржар, Көкпекті аудандарынан келген Даниялов Сырым мен Кенжебекұлы Әділбек есімді қатысушылар 100 мың және 50 мың теңге қаржылай сыйлықтарға ие болды.
Әсем үндерімен жүректерге ерекше әсер сыйлаған азаншылар байқауын тамашалаған көрермен бұл күннен айрықша рухани азық алғандарын айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

























Пікір қалдыру