ОТБАСЫ БАҚЫТЫНЫҢ КІЛТІ – ӨЗАРА СЫЙЛАСТЫҚ

«Отан – отбасынан басталады», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халқымыздың даналық сөздері отбасының қоғам өміріндегі айрықша орнын айқын көрсетеді. Расында, адам баласының алғашқы тәлім-тәрбиесі, өмірге деген көзқарасы мен адамдық қасиеттері отбасында қалыптасады. Шаңырақтағы сыйластық пен татулық – ұлттың бірлігі мен елдің берекесінің бастауы.

Сондықтан отбасы құндылықтарын сақтау, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың ғана емес, тұтас қоғамның маңызды міндеті. Отбасы мүшелерінің өзара құрметі мен сүйіспеншілігі артқан сайын шаңырақтың іргесі беки түседі. Ал берекелі отбасы – қуатты мемлекеттің берік негізі.

Қазақ халқы үшін отбасы – тек бір шаңырақ астында өмір сүретін жандардың жиынтығы емес, ұлттың рухани тірегі, тәрбиенің алтын бесігі. Әрбір азаматтың Отанға деген сүйіспеншілігі, үлкенге құрметі, кішіге ізеті, еңбекқорлығы мен жауапкершілігі отбасында  қаланады. Сондықтан «Отан – отбасынан басталады» деген сөздің мәні ерекше.

Ислам дінінде де  отбасы  ұғымына  айрықша мән берілген. Өйткені отбасы – қоғамның негізі, адамзат ұрпағын жалғастыратын  қасиетті ұя. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Сендерге тұрақ табуларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім орнатқаны да Оның белгілерінен» («Рум» сүресі, 21-аят) деп баяндайды. Бұл аят ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас сүйіспеншілікке, мейірімділікке және өзара құрметке негізделуі тиіс екенін көрсетеді.

Отбасының берекесі мен бақыты оның мүшелері арасындағы сыйластыққа, сүйіспеншілікке және түсіністікке байланысты. Ата-ана мен бала, ерлі-зайыптылар арасындағы жылы қарым-қатынас шаңырақтың беріктігін қамтамасыз етеді. Сүйіспеншілік бар жерде мейірім болады, мейірім бар жерде татулық орнығады.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірі де отбасы мүшелеріне ізгі қарым-қатынас жасаудың өнегелі үлгісі болып табылады. Ол: «Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы қарағандарың. Мен отбасына ең жақсы қарағандарыңмын», – деген. Бұл хадис әрбір мұсылманның ең алдымен өз шаңырағында көркем мінез танытуы қажеттігін аңғартады.

Исламда ата-ананы құрметтеу – ең ұлы міндеттердің бірі. Құран Кәрімде: «Раббың Өзіне ғана құлшылық етуді және ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды» («Исра» сүресі, 23-аят) деп айтылған. Сондықтан ата-ананы сыйлау, олардың ақ батасын алу, қартайғанда қамқор болу – мұсылман баласының парызы.

Сол сияқты бала тәрбиесі де ата-анаға аманат етілген үлкен жауапкершілік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әрқайсың бақташысыңдар және қол астындағылар үшін жауаптысыңдар» деген хадисінде ата-ананың бала тәрбиесіндегі міндетін айқын көрсеткен. Баланы тек материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету жеткіліксіз. Оған имандылықты, адалдықты, мейірімділікті, еңбекқорлықты үйрету – басты міндеттердің бірі.

Халқымыздың тәрбиелік дәстүрлерінде үлкенге құрмет көрсету ерекше орын алған. Жасы  кішінің үлкенге ізет көрсетуі, ата-ананың беделін жоғары ұстауы, отбасы мүшелерінің бір-біріне қамқор болуы – ұлттық тәрбиенің ажырамас бөлігі. Осындай өнегелі қасиеттер арқылы ұрпақ бойында жауапкершілік, ізгілік пен адамгершілік қалыптасады.

Бүгінгі қоғамда сыйластық пен құрметтің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Өкінішке қарай, кейде отбасылық жанжалдар, ажырасулар, үлкенді сыйламау, ата-ананы қарттар үйіне тапсыру секілді келеңсіз құбылыстар кездесіп жатады. Мұндай мәселелердің алдын алудың ең тиімді жолы – отбасылық құндылықтарды  нығайту және діни-рухани тәрбиені күшейту.

Қорыта айтқанда, отбасы – адам өмірінің алтын діңгегі, ұлт тәрбиесінің қайнар бұлағы әрі қоғамның негізі. Берекелі отбасыда өскен ұрпақ елінің ертеңіне жауапкершілікпен қарайды, қоғамның дамуына үлес қосады. Сондықтан әрбір шаңырақта сүйіспеншілік, мейірім, имандылық, өзара құрмет пен сыйластық салтанат құруы тиіс.

Айқын Русланұлы,

Семей  қалалық  Әбу  Бәкір  Сыддық  мешітінің

бас имамы.