Тарихы терең, тағылымы мол – Абай елінің рухани тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Шығыс Қазақстан облысының имамдары Абай облысына арнайы сапармен келді.
Сапардың алғашқы бағыты – қазақ руханиятының алтын бесігі, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының мекені Жидебай болды. Қонақтар тарихи орынға зиярат етіп, Абай мұрасымен және өңірдің рухани-мәдени құндылықтарымен танысты.
Бұдан кейін ШҚО имамдары Семей қаласындағы «Абай Құнанбайұлы» атындағы орталық мешітке ат басын бұрды. Мұнда қонақтар мешіттің тыныс-тіршілігімен, атқарылып жатқан діни-ағартушылық жұмыстарымен және жамағатқа көрсетіліп отырған қызмет түрлерімен танысты.
Абай облысының Бас имамы Асқар Әбітайұлы мәртебелі меймандарға өңірдің рухани өмірінен сыр шертетін «Абай еліндегі ислам» атты кітапты және арнайы естелік сыйлықтарды табыстады.
Сонымен қатар қонақтарға орталық мешіт жанынан ашылған студенттер үйінің жұмысы таныстырылды. Білім қуған жастарға арналған жатақхананың тыныс-тіршілігі, жас шәкірттерге жасалған жағдайлар мен тәрбие бағытындағы жұмыстар жөнінде мәлімет берілді.
Рухани сапардың негізгі мақсаты – өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуды нығайту, діни-ағартушылық бағыттағы жұмыстармен танысу және өзара ынтымақтастықты арттыру.





























Пікір қалдыру