«Аякөз қалалық мешіті» Аякөз қаласының шаһардың орталығында орналасқан. Мешіт 2004 жылы салынған. Қаражатын халық, кәсіпкерлер мен мекемелер, дәулетті азаматтар көтерді.
Мешіттің жалпы ауданы 5776, ал пайдалы көлемі 1000 шаршы метр. Мешіт 800 намазхан бір мезгілде намаз оқи алатын үш қабаттан тұрады. Бөлмелеріне «Алматы кілем» фабрикасы тоқыған кілемдер төселген.
Мешіттің биіктігі 40 метрлік бір мұнарасы бар. Оны Османи сәулет үлгісімен түркиялық шеберлер жасап, Аякөздік бауырларына сый еткен.
Көгілдір күмбезінің биіктігі 40, диаметрі 7 метр. Мешіттің барлық бөлмелері арнайы тапсырыспен жасалған жиһазбен, бейнефильмдер көрсету үшін жасалған бейнезалмен, іс қағаздарын жүргізуге арналған қажетті техникалық құралдармен, компьютерлермен жабдықталған және Интернет желісіне қосылған.
Мешіттің бірінші қабатында имам, наиб имам, есепші және дәріс бөлмелері бар. Екінші қабатында ерлер намаз оқитын үлкен зал, михраб, мінбер орналасқан. Үшінші қабатында әйелдер намаз оқиды.
Мешіттің ашылу салтанатына Бас имам Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреті қатысып, жұрт алдында уағыз айтып, алғашқы жұма намазын өткізді.