БАС МҮФТИ ЖҮЛДЕСІ ҮШІН ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТ ӨТТІ (ФОТО)

Алматыда «Халық арена» спорт кешенінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,  Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жүлдесі үшін “Астана EXPO 2017” халықаралық көрмесі қарсаңында  Қазақ күресінен IV республикалық чемпионат қорытындыланды.

Сайысқа әр өңірден іріктеліп шыққан 59 балуан қатысты. Ұлттық спорттың абыройын асқақтатқан дүбірлі доданың ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, қазақтың даңқты балуаны, күрестен тұңғыш олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, “Alem Fighters” кәсіпқой спорт клубының президенті Ардақ Назаров т.б. спорт шеберлері қатысты. Олар спортшыларды дәстүрлі додамен құттықтап, сәттілік тіледі.

«Қазақ күресі – өнер. Бұл біздің болмысымызда, қанымызда бар қасиет. Дінімізбен астасып жатқан ұлттық дәстүріміз. Күрес – Пайғамбарымыздан (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) келе жатқан сүннет. Қазақ күресі күш пен әдіске қоса, әділдіктіде қажет етеді. Алла елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Күшті мұсылман Алла Тағала құзырында әлсіз мұсылманнан жақсырақ», – деген. Мұндай бастамалар қоғамды бірлік пен ынтымаққа, бауырмалдық пен кішіпейілділікке шақырады. Діни басқарма халық арасында «Дін мен дәстүр», «Тарих және тағылым жылы» аясында имандылық пен ауызбіршілікті насихаттап келеді», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Қазақтың даңқты балуаны Жақсылық Үшкемпіров спортшылар мен жанкүйерлерге белсенділігі үшін алғыс айтты.

Турнирдің қорытындысында жеңімпаздар үлкен қажылық және кіші қажылықпен марапатталып, қаржылай сыйлықтар табысталды.

Сонымен халықаралық дәрежедегі төрешілер шешімімен төмендегі спортшылар жүлделі орындарға ие болды.

І орын – Дәулетхан Қосмағанбет (Қостанай). Үлкен қажылыққа тегін жолдама.

ІІ орын – Мәлік Төлеушов (Атырау). Кіші қажылыққа тегін жолдама.

ІІІ орын – Дәурен Нұрғожин (Солтүстік Қазақстан облысы). Кіші қажылыққа тегін жолдама.

ҚМДБ баспасөз қызметі

Muftyat.kz