МИНИСТР Н.ЕРМЕКБАЕВ: МЕМЛЕКЕТ ДІНГЕ ЖӘНЕ СЕНІМГЕ ҚАРСЫ ЕМЕС (ФОТО)

KAZISLAM – ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Алқа мәжілісінде Нұрлан Ермекбаев еліміздегі діннің рөлі мен орны туралы пікір білдірді. «Мемлекет дінге қарсы емес, бірақ, оны насихаттаумен де,   дәріптеумен де айналыспайды. Дін мейірім шашу керек. Оның пайдасын дәрімен салыстыруға болады. Негізі, дәрі пайдалы болады. Бірақ, дұрыс емес немесе тым артық қолданса одан, пайда емес, зиян келуі мүмкін. Мемлекет діни бірлестіктерді өзінің сенімді серіктесі ретінде көреді.» – деп атап өтті Н.Ермекбаев.   Алқа мәжілісінде сөз сөйлеген министр діни радикализм тақырыбына  да тоқталды. «Дін саясиланып, заңдардың орнын алмастырмауы керек. Діни біліктілік тиісті тәрбие және саяси сауаттылықпен сүйемелденіп, сындарлы көзқараспен қабылдану керек», – деді Нұрлан Ермекбаев.  Алқа мәжілісі барысында министр Нұрлан Ермекбаев Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің 2017 жылғы қызметінің қорытындылары және Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауының аясында 2018 жылы іске асыратын міндеттері туралы баяндама жасады.