Алғысым шексіз еліме Фото

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) бір хадисінде: «Адамға алғыс айта алмаған Аллаға да алғыс айта алмайды», – деген.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстанда 1 наурыз Алғыс айту күні болып бекітілді.

 Президент Алғыс айту күні туралы: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын Барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.

Алғыс — біреудің екінші біреуге ықыласын білдіруі, рахмет айтуы. Алғысты сөзбен немесе қимыл, іс-әрекет, заттай сыйлық беру, тіпті жақсы қарым-қатынас түрінде де білдіруге болады.  Қазақ халқының ұғымында неғұрлым көп Алғыс алған адам бақытты болады. “Алғыспен ер көгерер” деген мәтел осыны білдіреді. Адам алғыс пен ризашылықты естіген сайын,жақсылық жасағысы келіп тұратыны белгілі.

Алғыс айту күні еліміздің барлық азаматттарының бір-біріне құрмет білдіретін күні болғандықтан Семей аймағы бойынша «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен, Қос мұнаралы орталық мешітте « Алғысым шексіз еліме» атты  мерекелік шара өтті. Шара барысында мешітке қадам басып келген адамдарға мерекелік хат сыйлап, шын жүректен алғыстарын білдіріп, көңілдеріне қуаныш ұялатты. Ақ жаулықты әжелеріміз Елбасымыздың амандығы үшін, еліміз береке бірлікте болсын деп, ақ баталарын берді. Мешітке келуші халық көңіл бөліп, қуанышқа бөлегені үшін «Әйел-қыздар секторына», барлық мұсылман қауымына алғысын білдірді.

Шара соңында жауапты ұстаз Тұрлықожанова Динара «Әйел-қыздар секторы» атынан, қаламыздағы мешіт имамдарына асыл дініміздің өркендеуі үшін, жасаған қолдауларына алғыстарын білдірді.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.