БАС МҮФТИ: ҚАДІР – МЫҢ АЙДАН ҚАЙЫРЛЫ ТҮН

 

Серікбай қажы ОРАЗ, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти

 

«Қадір» сөзінің анықтамасы

Мұсылман үмбеті үшін Қадір түні несімен қастерлі? Не себепті қадірлі?

Қасиетті кештің (ләйләтул-қадір) ерекшелігін жан-жақты таратып айтатын Құран Кәрімде Қадір сүресі бар. Қадір сүресі бес аяттан тұратын қысқа ғана зәм сүресі саналғанымен, оның рухани салмағы аса зор.

«Қадір» сөзі «абырой, ұлылық, орасан зор» мағынасын береді. Себебі, Қадір түні – ұлық және аса қасиетті кеш болып саналады. Бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы. Құран Кәрімде бұл турасында:

«Қадір түні мың айдан да қайырлы», (Қадір, 2) – деп баяндалады.

Бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскенде жер жүзі тарлық етіп, олар сыймағандықтан бір-біріне сығылысады. Бұл жайлы Құранда:

«Періштелер және Жәбірәйіл (ғ.с.) осы түні Раббыларың рұқсатымен барлық іс үшін түседі» (Қадір, 3) – деген аят бар.

Мың айдан да қайырлы түн

Ибн Әбу Хатм жеткізген риуаятта: «Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына Исрайл ұрпақтарының ішінде Аюб, Зікірия, Хазикал, Нұн атты төрт адамның Хақ жолында сексен жыл қызмет еткенін, басқа риуаятта мың ай мүлтіксіз құлшылық жасағанын баян етеді. Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) үзеңгілестері сексен жыл Алла жолында күрескенін немесе құлшылық еткен Исрайл ұрпақтарының жансебіл әрекетін естіп, оған таңдай қағады. Осы сәтте, Жебірейіл періште Хақ Елшісіне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):

«Қадыр түні мың айдан да қайырлы» (Қадыр, 2-3) – деген аятты нәзіл етіп, мұсылман үмбетін теңдессіз қуанышпен сүйіншілейді.

Әлбетте, сүйіншіленген бұл илаһи қуаныш Алла Тағаланың мұсылман үмбетіне деген шексіз қамқорлығы мен рақымдылығын әйгілейді. Себебі, мың айды жылдарға шағатын болсақ, сексен үш жылдан астам мезгілді қамтиды. Бұл дегеніміз бір адамның өміріне татитын уақыт мөлшері. Яғни, Қадыр түнінде Хақ Тағалаға ынты-шынтымен құлшылық қылған пенде ғұмыр бойы құлшылық еткен болып саналады. Ал, әрбір жыл сайынғы Қадір түнін қаперге алсақ, онда мұсылман баласының қамшының сабындай қысқа ғұмырда жинаған сауабынан биік тау тұрғызатынын көзге елестетуге болады.

Жер беті сәлеметке тұнады

Ибн Аббас жеткізген риуаятта: «Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): Қадір түні Сидратул-Мунтаһадан барлық періштелер, оның ішінде Жебірейіл (ғ.с) де бар, жер бетіне түседі. Олар өздерімен бірге бірнеше ту ұстап түседі. Тудың біреуін менің қабірімнің үстіне, біреуін Байт-ул-Мақдистің үстіне, бірін Масжид-Харамның үстіне, біреуін Туру Синаның үстіне тігіп, желбіретеді. Олар сәлем бермеген жер бетінде мүмін еркек пен мүмін әйел адам қалмайды. Ішімдік ішкен, доңыз етін жегендерден тыс» деп хабарлайды.

Иә, Қадір түнінің құт-берекесі шексіз. Қасиетті түнді құлшылықпен өткізген мұсылманға періштелер салауат айтып, оған бейбіт өмір тілейді. Таң ағарып атқанға дейін періштелер сәлеметі жер бетіне себезгілеп, мұсылман үмбетінің жүрегіне тыныштық пен жан рахат орнайды. Сайд ибн Мансур келтірген риуаятта: «Бұл түн – бейбітшілік түні. Қадір түнінде шайтанның адамдарға жамандық жасауға қауқары жетпейді. Бұл түні барлық істер белгіленіп (тағдыр жазылады), рызықтар айырылады» деп хабарланған.

Жаратушы Иеміз бұл түні шынайы намаз оқып, Өзіне жалбарына дұға жасаған пенденің барлық қайырлы амалдарын қабыл етеді. Өткен қате-кемшіліктері мен күнәлары үшін өкініп, Жаратқаннан кешірілуін тілеген адамның тілегі де қабыл болмақ. Сондықтан осы кеште көбірек дұға жасаған абзал.

Айша анамыз (Алла оған разы болсын) пайғамбарымыз Мұхаммедтен (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Егер Қадір түніне жетсем, қандай дұға жасайын?» – деп сұрайды. Сонда екі дүние сәруары: «Уа, Алла! Сен тым кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!», – деп дұға жасауды өсиет еткен.

Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде:

«Алла Тағала Қадір түнін менің үмметіме сыйлық етіп берген. Мұндай нығмет бұрынғы үмметке бұйырмаған», – деп Сіз бен бізге сүйінші хабар айтып, шаттыққа бөлеген.

Қадір түнінде Алла ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыруымыз керек. Құран Кәрім оқып, тыңдап, түсінуге ынта қойып, оған деген сүйіспеншілік байланыс орнатуға тиіспіз.

Алла Елшісіне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, шапағатынан үміттеніп, оның үмбетінен болғанымызға шүкіршілік жасап, оның жолын берік ұстануымыз шарт. Мешітке барып уағыз-насихат тыңдағанымыз абзал. Дәйім дұға жасауымыз керек. Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін бұл түні: «Уа Аллам! Сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, мені кешіре гөр» деп дұға жасауға шақырған.

Түйін

Хақ-Тағаланың бір түндік ғибадатты мың айдан да қайырлы етуі, сөз жоқ, Жаббар-Хақтың мұсылман үмбетіне деген ерекше мейірімі мен рахымдылығы еді. Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім Қадір түнінің артықшылығына нанып, Алладан сауабын күтіп, құлшылық қылса, жасаған күнәлары ғафу етіледі» (Бұхари, Қадір, 1) дейді.

Иә, мұндай мүмкіндік һәм мұндай мың айдан да қайырлы мезет мұсылман үмбетінің пешенесіне ғана жазылған илаһи тарту. Олай болса, қадірменді ағайын, Қадір түнінің мүмкіндігінен мақұрым қалмай, таң рауандаған шаққа дейін жансебіл рухта Хаққа құлшылық қылып, жан-жүрегімізбен Алаштың қамы үшін дұға-тілек жасайық.

Алла-Тағала рамазаннан рамазанға аман-есен жетіп, дәйім қасиетті Қадір түнін қарсы ала беруді жазсын! Әумин!