БАС МҮФТИ ҚАЖЫЛЫҚ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ (ФОТО)

Сауд Арабиясы корольдігінде 2020 жылы қажылық маусымын үйлестіру бойынша ҚМДБ делегациясының ресми кездесулері өтті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз бастаған делегацияны Сауд Арабиясы қажылық және умра вице-министрі Абдулфаттах бин Сулейман Машшат қабылдады.

Кездесуге ҚМДБ төрағасының орынбасары, Наиб мүфти Ершат Оңғаров, Бас мүфтидің кеңесшілері Балтабай Мекежанов және Бижігіт Қойшиев, қажылық бөлімінің басшысы Жанділлә Бекжігітов және баспа және аударма бөлімінің басшысы Мұрат Әбдіхалықов, сондай-ақ ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің басқарма басшысы Досымжан Нұрбаев қатысты.

Екіжақты кездесулерді ұйымдастыруға Қазақстанның Джидда қаласындағы консулдық миссиясы қолдау көрсетті.

Кездесу барысында Абдулфаттах бин Сүлейман Машшат өткен жылы Қазақстан қажылық миссиясының жұмысына жоғары баға берді және осы бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік білдірді.

Осы қажылық маусымының ұйымдастырушылық шараларын талқылау барысында Қазақстаннан келген делегация Сауд Арабиясы тарапына біздің қажыларымызға қолайлы жағдай жасау мүмкіндігін қарастыру туралы өтініш білдірді. Қажылардың әуе көлігімен және автомобильмен жүру кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен олардың қол жетімділігіне назар аударылады.

Тараптар 2020 жылы Қазақстан азаматтары үшін 3000 қажылық орын бөлуге келісті. Осылайша, биыл 3000 қазақстандық өзінің қасиетті парызын орындай алады.

Кездесу нәтижесінде ҚМДБ төрағасы мен САК қажылық және умра вице-министрі Абдулфаттах бин Сулейман Машшат арасында тиісті екіжақты келісімге қол қойылды.

САК халықаралық талаптарға сәйкес, биыл қазақстандық туроператорларға қажылыққа қатысу үшін IATA сертификаты мен діни туризм саласындағы тәжірибесі қажет.

Осыған байланысты, 2017 жылғы 22 қарашадағы Дін туризмі ережесінің 3-тармағының талаптарына сәйкес туроператорлар арасында квоталар бөлу бойынша конкурс өткізу үшін мүдделі туристік фирмалар тиісті құжаттарды 2020 жылдың 15 ақпанына дейін ҚМДБ-ға ұсынуы керек.