ЗИЯНДЫ ӘДЕТТЕРДЕН АУЛАҚ БОЛАЙЫҚ!

КІРІСПЕ

Алла Тағала адам баласын басқа жаратылыстардан ерекше етіп, ақыл мен сана берді, көркем түрде жаратты. Тізіп айта берсе, сөз жетпейтін көптеген артықшылықтар берді. Оның бәрін шариғат тілінде «нығмет» деп атайды. Сол нығметтердің бірегейі – ғұмыры және денсаулығы. Адам баласы барында бағалай алмай, айырылып қалса таба алмайтын баға жетпес байлық та сол тәннің саулығы мен ғұмырының босқа өтіп кетпеуі.

Рухтың уақытша қонақтайтын мекенін тән дейміз. Ал адамның тәні – Алланың аманаты. Аманатқа қиянат жасау мұсылман адамға жараспайды. Әрине, пенде баласы көбіне бұған бейжай қарап, аманат жүгін лайықты түрде арқалай алмайды. Сондықтан даналарымыз «денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» дегенге сай келіп жатады. Көбіне адамның басына іс түскенде оңды-солына қарап, жасаған қателігіне қайта ұрынбауға тырысады. Бірақ жауапкершіліктен оңай құтыла алмаса керек. Себебі, адамға ерік қалауы берілгеннен кейін таңдауды өзі жасайды. Осы таңдауына сай жауап береді.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт» деген. Сондықтан да әрбір адам денсаулығы үшін Аллаға сансыз шүкір айтып, денсаулығының барында мүмкіншілікті пайдаланып, Аллаға құлшылық, адамдарға қызмет етуге талпынуы қажет. Жастық шақ және он екі мүше саулығы уақытша ғана берілген мүмкіншілік.

Осы сынды нығметтерге залал келтіру, берілген өлшеулі ғұмыр мен зор байлық саналатын денсаулықты құрдымға жіберетін түрлі зиянды әдеттерден аулақ болу әрбір ақыл иесі үшін міндет болып табылады.

ҚҰРАН АЯТТАРЫ:

Бірінші аят:

لَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنْسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيم  

«Ақиқатында Біз адам баласын көркем бейнеде жараттық»[1].

Қысқаша түсіндірме: «Жаратушы Алла Тағала адамның сыртқы келбеті мен түр-тұрпатын ең кемел түрде жаратып, әрбір дене мүшесі мен ағзасын үйлесімді етіп, оған түсінік пен ақыл беріп, сөйлеу қабілетін сыйлаған. Тәпсір ғалымы әрі атақты табиғин Мүжәһид бұл аяттың мағынасын: «Алла Тағала әу баста адам баласының тәні мен жанын, жалпы болмысын ең көркем бейнеде жаратты», – деп түсіндіреді. Яғни, адам баласы осы берілген нығметтерге шүкіршілік ету керек. Ал, оған қиянат жасау, болмысына зиян жасау асқан зұлымдық болып саналады».

Екінші аят:

وَلاَ تُلْقُواْ بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ

«Өз-өздеріңді (өз қолдарыңмен) қауіп-қатерге тікпеңдер»[2].

Қысқаша түсіндірме: аяттың мағынасында адам баласы өзін-өзі өлімге душар етуіне Раббымыз тыйым салған. Егер адам өз өмірінің өліміне себеп болған зиянды, улы нәрселерге жол берсе, онда оның ақырғы дүниедегі жағдайы да мәз болмайды. Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде де баян еткен.

Үшінші аят:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالأَنصَابُ وَالأَزْلاَمُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ*   إِنَّمَا يُرِيدُ الشَّيْطَانُ أَن يُوقِعَ بَيْنَكُمُ الْعَدَاوَةَ وَالْبَغْضَاء فِي الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ وَيَصُدَّكُمْ عَن ذِكْرِ اللّهِ وَعَنِ الصَّلاَةِ فَهَلْ أَنتُم مُّنتَهُونَ * وَأَطِيعُواْ اللّهَ وَأَطِيعُواْ الرَّسُولَ وَاحْذَرُواْ فَإِن تَوَلَّيْتُمْ فَاعْلَمُواْ أَنَّمَا عَلَى رَسُولِنَا الْبَلاَغُ الْمُبِينُ

«Уа, иман келтіргендер! Шындығында арақ, құмар ойын, пұттар, көріпкелдік жасайтын жебелер – шайтанның істерінен. Сондықтан да олардан сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар! Расында шайтан арақ пен құмар ойындар арқылы сендердің араларыңа от салып, дұшпандық пен жеккөрушілікті орнатуды, сендерді Алланың зікірінен, намаздан алыстатуды қалайды, сонда да тоқтатпайсыңдар ма? Аллаға мойынсұныңдар әрі Оның елшісіне мойынсұныңдар, сақтаныңдар! Ал егер кері кетсеңдер, біліңдер, Елшіміздің бар міндеті  анық жеткізу ғана»[3] – деп бұйырған.  

Қысқаша түсіндірме: Ең лас (рижс) сөзі Құранда тек сорақылығы шектен шыққан және жамандығы жұртқа мәлім нәрсеге айтылған. Бұл аят бойынша арақ – шайтанның ісі. Ал, шайтанның ісі – бұзықтық пен харам істер. Аятта арақтан алшақ жүруді әмір еткен. Сондай-ақ, бұл кесірден алыс жүру адамды бақытқа жеткізетін жол. Сонымен қатар, әлеуметтік зияны ретінде туысқандық қарым-қатынастың «ат құйрығын кесіп» араласпай кетуге апарып соғатынын айтуда. Арақ ішетін және құмар ойнайтын адамдар арасында сөзсіз дұшпандық пен өшпенділік туындайды. Ал, рухани залалы – пендені діни міндеттемелерінен тоқтатады. Намаздан, оразадан және т.б. құлшылығынан қайтарады. Қазіргі таңда ащы сусыз қандайда бір іс шаралар, тойлар, тіпті сәби балалардың өмірге деген бастауларының өзі ақ дастархан басын айналып өтпейтіні жаныңа бататыны шындық. Дегенмен бұның бәрі нәпсінің еріп кетуіне, тәубесіз өмірлік қағидаға айналып кетсе, қоғамның азғындауына апарып соғары сөзсіз. Сондай-ақ Алла алдындағы міндетімізді ұмыттыратын себептердің бірі. Сол себепті, өмірдің уақытша ләззаттарына алданбай, Аллаға шынайы құлшылық етсек, сонда ғана Алла құзырындағы зор сауаптарға жетеміз.

Төртінші аят:

إِنَّ اللّهَ لاَ يَظْلِمُ النَّاسَ شَيْئًا وَلَكِنَّ النَّاسَ أَنفُسَهُمْ يَظْلِمُونَ

«Алла адамдарға еш зұлымдық (зияндық) қылмайды. Бірақ адамдар өздеріне өздері зұлымдық қылады»[4].

Қысқаша түсіндірме: Көңіл көтеру мақсатында «денсаулық үшін» деп арақ ішсек, ермек үшін шылым тартсақ, қызық үшін, уақытша мастық үшін есірткі қолдансақ, тамақ болса болды екен деп харам-халалына қарамай не болса соны жей берсек, одан соң сол істеріміздің кесірінің бір қиындығы келіп қалса, оны өзімізден басқа ешкімнен көре алмаймыз. Өзімізді және ұрпағымызды өмірдің әртүрлі жағдайларына дайындау үшін, денсаулығымызды сақтау үшін соған лайықты салауатты өмір салтын ұстануымыз керек.

Бесінші аят:

إِنَّ اللّهَ لاَ يُغَيِّرُ مَا بِقَوْمٍ حَتَّى يُغَيِّرُواْ مَا بِأَنْفُسِهِمْ

«Қай бір қауым өзін-өзі өзгертпейінше Алла оны өзгертпейді»[5].

Қысқаша түсіндірме: Жоғарыда айтып өткеніміздей, денсаулық  Алладан берілген үлкен нығмет. Сол нығметті бағалап, көзіміздің қарашығындай сақтаудың өзі Аллаға деген шүкіршілігімізді білдіреді. Сол зор нығметке өз қолымызбен балта шаппай бағалау, өзімізге қажетті іс. Өзіміз денсаулығымызға кереғар келетін амалдар жасап, соның кесірінен ауруға ұшырап, оны Алланың ісі деп айтуға болмайды. Оның алдын алу амалдарын қарастырдық па? Әлде ол өзіміз сатып алған ауру ма? Осы сауалдарға да өзіміз жауап іздеп көруіміз керек-ақ. 

ХАДИСТЕР:

Бірінші хадис:

عَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَ: قَالَ: قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: نِعْمَتَانِ مَغْبُونٌ فِيهِمَا كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ: الصِّحَّةُ وَالْفَرَاغُ

Абдулла ибн Аббас (әкесі екеуіне Алла разы болсын): Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізеді: «Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт»[6], – деген.

Екінші хадис:

قَالَ النَّبيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: كُلُّ مُسْكِرٍ خَمْرٌ وَكُلُّ مُسْكِرٍ حَرَامٌ

«Барлық мас қылушы – ішімдік һәм барлық мас қылатын нәрсе – харам»[7], – деген.

Үшінші хадис:

اِجْتَنِبُوا الْخَمْرُ فَإنهَا مِفْتَاحُ كُلِّ شَرٍّ

«Ішімдіктен сақ болыңдар. Ол ақиқатында барша жамандықтың кілті»[8].

Төртінші хадис:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ النَّبيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «مَنْ تَرَدَّى مِنْ جَبَلٍ فَقَتَلَ نَفْسَهُ فَهُوَ فِي نَارِ جَهَنَّمّ يَتَرَدَّى فِيهَا خَالِداً مُخَلَّداً فِيهَا أَبَداً، وَمَنْ تَحَسَّى سُمّاً فَقَتَلَ نَفْسَهُ فَسُمُّهُ فِي يَدِهِ يَتَحَسَّاهُ فِي نَارِ جَهَنَّمَ خَالِداً مُخَلَّداً فِيهَا أَبَداً، وَمَنْ قَتَلَ نَفْسَهُ بِحَدِيدَةٍ فَحَدِيدَتُهُ فِي يَدِهِ يَتَوَجَّأُ بِهَا فِي نَارِ جَهَنَّمَ خَالِداً مُخَلَّداً فِيهَا أَبَداً«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ، وَمُسْلِمٌ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  былай дейді: «Кімде-кім таудан құлап, өзін-өзі өлтірсе, ол жәһәннам отында мәңгі-бақилыққа құлайды. Кімде-кім у ішіп, өзін-өзі өлтірсе, жәһәннам отында мәңгі-бақи сол уын қолына ұстап ішіп тұрады. Кімде-кім өзін-өзі темірмен өлтірсе, жәһәннам отында сол темірді қолына ұстап өзін-өзі мәңгі-бақи ұрғыштап тұрады» (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен).

Бесінші хадис:

لَعَنَ اللَّهُ الْوَاشِمَاتِ وَالْمُسْتَوْشِمَاتِ

«Алла Тағала денеге сурет салғандарды да, салғызғандарды да лағнеттеді» (Муслим хадистер жинағы).

Алтыншы хадис:

لا ضرر ولا ضرار

«Өзіне де өзгеге де зиян келтіруге болмайды» (имам Ахмад).

ІЗГІЛЕРДІҢ СӨЗДЕРІ:

Хазіреті Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Ішімдік адамды тақуалығынан жұрдай етеді. Өйткені, ішімдік ішкен адам ақылын жоғалтады» – деген.

Хазреті Әли мен Абдулла ибн Аббас және бірнеше табиғиндер: «Нарды мен шахматқа құмар араласатын болса (ақша тігілсе), ол – құмар ойындарына кіреді», – деген.

Имам Шағби зиянды әдеттің бірі өтірік айту жайында былай деген: «Шыншыл бол! Ол сен үшін зиян көрінуі мүмкін бірақ, ол саған тек пайда әкеледі. Өтіріктен алыс бол! Ол сен үшін пайдалы көрінуі мүмкін бірақ, ол саған түбінде зиянын тигізеді».

Ибн Масғуд жаман әдеттің бірі зинақорлық жайында: «Егер бір елде зинақорлық етек алса, ол ел құрдымға кетеді» деген екен.

ҒИБРАТТЫ ҚИССАЛАР:

Бірінші қисса:

Бірде халифа Харун Рашидтің құзырында бір жігіт иненің тесігінен жіпті қадап өткізетін өнерін көрсетеді. Сонда Харун Рашид: «Мына адамға 100 динар беріңдер және 100 дүре соғыңдар», – дейді. Уәзірлері түсінбей: «Не үшін?» – деп таңырқайды. Харун Рашид: «Көрсеткен өнері үшін 100 динар беріңдер. Ақылы мен уақытын босқа жұмсағаны үшін 100 дүре соғыңдар», –  деген екен.

Екінші қисса:

Бір жас жігіт жаман әдеттерінен арылудың жолын сұрап бір данышпанға барыпты. Данышпан кісі: «Сен ана бір жас шыбықты жерден суыршы», – дейді. Ол қиналмай-ақ суырып алады. Енді одан жуанын суыруын тапсырады. Ол өзі суыра алмай досын көмекке шақырып, әрең дегенде орнынан қозғапты. Данышпан одан да жуан ағашты көрсеткенде, тағы да көптеген адам жиналып қозғалтса да орнынан суыра алмапты. Сонда данышпан: «Көрдің бе? Жаман әдеттен бастапқы кезде құтылу жеңіл. Ол кезде оған өзіңнің де шамаң жетеді. Ал, нашар қылығың көбейген сайын, ол қанға әбден сіңіп кетеді. Ол кезде көммекке қанша адамды шақырсаң да, бәрі кеш болады», – деген екен.

НАҚЫЛ-СӨЗДЕР МЕН МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР:

Абай атамыз:

Адам болам десеңіз, Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ.

Бес дұшпаның, білсеңіз…» деп адамның бойындағы жағымсыз қасиеттерді сынға алған.

Бауыржан Момышұлы атамыз: «Адамды үш нәрсе бүлдіреді: арақ, ақша, атақ» деп айтқан екен.

Жаман әдеттен тыюға,

Жақсы әдетті аяма.

Түстік жерге өтірік айтсаң,

Кешке артыңнан қуып жетеді.

БАЛАҢЫЗДЫ ЗИЯНДЫ ӘДЕТТЕРДЕН САҚТАҢЫЗ

Қазіргі заманда жеке адамға ғана емес, бүтіндей қоғамға қатер тудырып, шеңгеліне қысып бүріп бара жатқан дертті мәселелердің бірі – зиянды нәрсеге тәуелділік. Соның кесірінен адамгершілік, мәдени құндылықтардың әлсіреуі, қылмыстың көбеюі және ең қиыны отбасындағы берекенің кетуі, бірліктің ыдырап жатқаны ащы да болса ақиқат.

Олай болса, мына нәрселерге көңіл бөлуіміз қажет:

Жақсы үлгі болыңыз

Сөздеріңіз бен істеріңіз бір-бірімен үйлесе ме? Айтып жүрген ақылдарыңыз өз өміріңізге де өтімді ме? Балалардың жаман әдетке үйір болудың зияндығы жайлы өзіндік пікір қалыптастыруы үшін, ата-ананың өз жүріс-тұрысымен оларға үлгі болуы керек. Егер отбасындағы үлкендердің дерттеріне қарсы ұстанатын жолы химикалық жәрдемге жүгіну болса, балалар да бір қиыншылыққа тап болса, сондай зиянды заттарға ұрыну қатері арта түседі.

Балаңызбен сапалы байланыс болсын

Сіз балаңызды танисыз ба? Олардың қызығушылықтары мен арман қиялдарын, жоспарларын, қайғы-мұңдарын, білесіз бе? Ата-ана ретінде балалармен сапалы байланыс құру оларды жаманшылықтан сақтаудың ең тиімді жолы. Перзентіңізді тануға арнайы уақыт бөліңіз, онымен бірге уақыт өткізіңіз. Әсіресе, өтпелі кезеңдерді аттап өту үшін, сау-саламат азамат болып ел қатарына қосылуы үшін сіздің достығыңызға мұқтаж екенін ұмытпаңыз. Оны жақсы көретініңізді, құрметтейтініңізді білдіруден қашпаңыз. Сіздің мейіріміңіз тұрғанда, басқа улы нәрселермен толтыруға жол бермеңіз. Зиянды әдеттер жағынан үлкендердің білуі тиіс бір кілтипан, оларға «жақсы бір тыңдаушы» болудың маңыздылығы. Балаңыз өзін мазалап жүрген мәселелерін, сізбен келіп бөлісе алатынына сенімді болуы керек. Сабырыңыз таусылып бара жатса да, оның әңгімелерін соңына дейін жалықпай тыңдаңыз. Сөзін бөлмеуге, айтып отырған ойларын түсінуге тырысыңыз. Сізді қатты таңқалдыратын, тіпті ашуландыратын сөздер айтып жатса да, тым қатты әсер көрсетпеңіз. Байсалдылығыңызды сақтап, әсіре қаталдық танытпаңыз. Осындай жағдайда ашуыңызды ұстай алмасаңыз, балаңыз сырын айта алмай, сіз оның басына төнгелі тұрған үлкен қатер туралы хабардар болу мүмкіндігін жоғалтуыңыз ғажап емес.

Құндылықтарды үйретіңіз, рухын күшейтіңіз

Жеткіншектің мәдени, діни, адамгершілік құндылықтарымызды білуі – тәуелділік тудыратын заттарға «жоқ» деп айтуы үшін, қажетті себептердің тууын жеңілдетеді. Руханиятының күшті болуы, жамандықтан тыйып, сенімді түрде шешімдер қабылдауын қамтамасыз етеді. Сол себепті ата-ана ретінде бала-шағамыздың тек қана тәні жағынан өсуін ғана емес, рухани дамуына да көңіл бөлуіміз қажет. Олардың материалдық қажеттіліктерімен бірге рухани қажеттіліктерін де өтеп отыруға тиіспіз. Сіз балаңызбен туралық, адалдық, жауапкершілік сияқты ұғымдар туралы сөйлесіңіз. Оған адал-арам жайлы мәлімет беріңіз. Тәнінің оған Алла берген ең үлкен, ең маңызды аманаттардың бірі екенін түсіндіріңіз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Тәніңнің сенде ақысы бар» деген ескертуін жеткізіңіз (Муслим, Сиам, 182).

Отбасылық ережелер жасаңыз

Жастар – өмірдің бейтаныс, бөтендері. Қай жерде, қалай әрекет ету керек, қай ұсыныстарды қабыл алып, қайсысын қайтару жөнінде шешім қабылдаулары үшін, белгілі бір шекараларды үйреніп алулары керек. Сол үшін әке-шеше ретінде анық, нақты ережелер шығарыңыз. Темекі, арақ, есірткіге өте қатты қарсы екеніңізді балаларға анық білдіріңіз. Отбасыңызда темекі немесе басқа да зиянды заттардың қолданылуына жол бермеңіз. Өзіңізде сол ережеге бағыныңыз.

Тәуелділік туралы мәлімет беріңіз

Тәуелді ететін есірткі заттарының рух және тән саулығына келтіретін зияндары жайлы айтып беріңіз. Отбасы қатынастары және қоғамдық байланыстар тұрғысынан жағымсыз нәтижелерге көзінің жетуін қамтамасыз етіңіз. Зиянды заттарды ұсынғандарға қалай «жоқ» деп айту керектігін үйретіңіз. Ол жайлы нақты нұсқаулар мен тактикалар ұсыныңыз. Бұл жағынан оған жеткілікті мәлімет бергіңіз келсе, арнайы маманмен сөйлестіргеніңіз де артық етпейді. Қорықпаңыз, жастарға зиянды заттар мен оларды қолданудың нәтижелерін түсіндіргеннен олардың қызығушылығы артып кетпейді. Керісінше, дұрыс мәліметі болмаса, әсіре күшейтілген өтірік мағлұматтар оны еліктіріп, қызықтырып әкетуі мүмкін.

Достарын танып алыңыз

Екі адамның бірі, зиянды әдетке қасындағы достарының себебімен салынып кеткенін білетін бе едіңіз? Әр екі жеткіншектің бірі, он сегіз жасқа толмай жатып темекі шегуді бастайды және оған себеп ретінде достарының ортасын көрсетеді. Зерттеу нәтижелері ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына сөздерін еске салады: «Адам досының дінінде. Сондықтан сендердің әрбірің кіммен достық құратынынан мұқият болсын» (Әбу Дәуід, Әдаб,16). Есірткі саудасы секілді лас тірліктен ақша тауып жүрген адамдарға, жастарға тым болса бір рет әсерлі затты пайдаландырып, таныстырудың өзі – үлкен жетістік. Әсерлі заттар алдымен тегін және «досының қолымен» беріледі. Сондықтан, ата-ана ретінде балаларыңыздың бос уақыттарын қай жерде және кіммен өткізіп жүргенін қатаң бақылауда ұстаңыз. Достарымен және достарының отбасыларымен танысыңыз. Сонда ғана перзентіңізге әсер ететін ортаны дұрыс тануыңызға және ұнамсыз жағдайлардың әсерін барынша төмендетуге мүмкіндігіңіз болады.

Ішкі тәртіп жасап алуын қамтамасыз етіңіз

Бір баланың өмірді үйренуінде ата-анасының беделі, шектеулері және оларға деген сүйіспеншілік, мейіріммен бірге тәртіп орнатуы, өте маңызды. Алайда балалар өздеріне сенімді болулары және тәуелсіз бір дамуға қол жеткізулері үшін, кейде өздері ғана жүріп тұруларына, ата-аналарынан бөлек әрекет етулеріне де тура келеді. Бұл жағдайда ата-анаға жүктелетін міндет – өздері болмаған әлеуметтік орталарда қай нәрселерге назар аудару керектігі туралы нұсқаулар беру. Жас жеткіншекті, тәуліктің жиырма төрт сағатында сыртқы бақылауда ұстап отыру мүмкін емес. Сол себепті оларға өздерін өздері бақылаудың жолдарын үйретіңіз. Әрбір адам «тәуелділіктің емі бар екеніне» ең алдымен өзі сенуі керек[9].

ЗИЯНДЫ ӘДЕТТЕРГЕ НЕЛЕР ЖАТАДЫ:

  • Шылым шегу;
  • Ішімдікке құмар болу;
  • Шектен тыс ысырапшылдық жасау;
  • Құмар ойнау;
  • Балағат сөздерді жиі қолдану;
  • Есірткі қабылдау;
  • Өтірікті жиі айту;
  • Ұрлық жасау;
  • Үздіксіз ғаламторға байлану.

УАҒЫЗДАН АЛЫНАР ҒИБРАТТАР:

  • Алла Тағала адам баласын ең көркем бейнеде жаратты;
  • Адам баласы өзінің тәніне, денсаулығына, дүние-мүлкіне залалы тиетін барша зиянды нәрселерден аулақ тұруы тиіс;
  • Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығметті, яғни денсаулық пен бос уақытты бағалай білуі тиіс;
  • Алла Тағала тыйған барлық нәрсе – харам, ал барлық харам денсаулыққа зиян;
  • Қай бір қауым өзін-өзі өзгертпейінше Алла оны өзгертпейді;
  • Маскүнемдер, нашақорлар жан берерде кәлима шәһадатты айта алмайды;
  • Көкiрегiнде иманы бар адам Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ескертпесіне құлақ асып, Алла Тағаланың қаһарынан сақтануы қажет.

ДҰҒА:

رَبَّنَا ظَلَمْنَا أَنفُسَنَا وَإِن لَّمْ تَغْفِرْ لَنَا وَتَرْحَمْنَا لَنَكُونَنَّ مِنَ الْخَاسِرِينَ

«Раббымыз! Біз өз нәпсімізге зұлымдық жасап, кесірге жолықтырдық. Сен бізге кешірім жасап, есіркемесең, сөзсіз біз зиянға ұшырап, құрдымға кеткендерден боламыз».

[1] «Тин» сүресі, 4-аят.

[2] «Бақара» сүресі, 195-аят.

[3] «Маида» сүресі, 90-92-аят.

[4] «Юнус» сүресі, 44-аят.

[5] «Рағыд» сүресі, 11-аят.

[6] Имам Әл-Бұхаридың хадис жинағы.

[7] Әл-Бұхари, Мүслім, Әбу Дәуіт, Тирмизи және Нәсәи риуаят еткен хадис.

[8] «Жәмиъуль ахадис».

[9] https://kazislam.kz