Коронавирусқа байланысты сақтық шаралары күшейтілді

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 6 адамға жетті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
«Қазіргі уақытта коронавирус жұқтырған қазақстандықтар саны 6 аламға жетті. Оның төртеуі – Алматыда, екеуі – Нұр-Сұлтан қаласында» деді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.

Осыған байланысты ол ел тұрғындарын сақтық шараларын сақтауға шақырды. «Коронавирус жұқтырған адамның дене қызуы көтеріліп, қайта-қайта шөлдей береді. Ал коронавирус жұққан жағдайда 1406 колл-орталығына хабарласқан жөн» деді ол.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да коронавирустың алдын алу шараларына қатысты мұсылман жамағатына арнайы үндеу жариялады.

«Мешітке келуші мұсылман жамағатын төмендегі сақтық шараларға мән беруге шақырамыз:

  • Мешітке бетперде (маска) тағып келу;
  • Намаздан тыс мешітте топтаспау;
  • Мешітке үйден дәрет алып келу;
  • Мешітке кіргенде және намаздан соң қол беріп амандаспау;
  • Намаздан кейін көп кідірмей мешіттен шығу;
  • Жамағатпен оқылатын намазға балиғатқа толмаған балаларды алып келмеу;
  • Қариялардың, науқастар мен әйелдердің жамағат намазына қатыспағаны абзал» делінген үндеуде.

Үндеудің толық мәтінімен мына жерден танысуға болады.