ЖАНЫҢДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Әй, адам баласы! Күмәнсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тану үшін сендерді ұлттар мен руларға бөлдік» («Хужурат» сүресі, 13-аят) деп адамзаттың қоғам, ұлт болып өмір сүретінін аян еткен еді. Бүгінде әлемде 250-ден астам мемлекетте 3 мыңнан астам ұлттар мен этностар өмір сүреді.

Дініміз өз қауымын өзі өмір сүріп жатқан мемлекетке, қоғамға адал болуға, ел игілігі үшін еңбек етуге және Отанды қорғауға шақырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың ең жақсысы – жұртқа пайда тигізгені», – деген екен. Яғни әрбір мұсылман адамның қоғам алдындағы жауапкершілігі  осы хадиспен айқындалған. Дінімізде «Отанды сүю – иманнан» дейді. Әрбір иманды азамат еліне, жұртына қызмет етіп, қоғамның дамуына өз үлесін қосу керек.

Қоғамдағы басты құндылықтардың бірегейі – ел ішіндегі береке-бірлік. Қасиетті Құран Кәрімде: «Бәрің Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят) деп Алла Тағала адамзатты береке-бірлікке шақырады. Елдің бірлігі мен ынтымағы – мемлекет болашағының кепілі. Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бөлінушілікке жол ашқандар – бізден емес», – десе, дана халқымыз «Бөлінгенді бөрі жейді» деп берекесіздікті ешқашан құптамаған. Сондықтан әрбір мұсылман адам еліміздегі ынтымақтың ұйтқысы болып, мемлекетіміздің ішкі, сыртқы қауіпсіздігін сақтауға өз үлесін қосуы міндет.

Ұлттық бірлігімізге нұқсан келтіріп, ел ішіне іріткі салатын топтардан сақ болуымыз керек. Алла Тағала: «Әй, иман келтіргендер! Егер жолынан тайған пасық адам сендерге бір хабар жеткізсе, әуелі анық-қанығына көз жеткізіңдер. Әйтпесе білмей, абайсызда бір елге кеселдерің тиіп кетеді де кейін істегендеріңе өкінесіңдер» («Хужурат» сүресі, 6-аят), – деп қоғамға бүлік салушылардан абай болуға шақырады. Сондықтан, Отанға және ұлтқа деген сүйіспеншіліктың иманнан екенін түсініп, қоғамдағы берекені арттыруға әр мұсылман адам үлес қосу керек.

Қасиетті Құран Кәрімде: «Жақсылықта, тақуалықта қорғануда бір-біріңе жәрдем етіңдер», – дейді Алла Тағала («Маида» сүресі, 2-аят). Жақсылықты өзіне серік еткен әрбір қоғам мүшесі басына қайғы, ауыртпалық  түскен жандарға, шамасы жеткенше көмек қолын созу керек.

Бүкіл әлемді өзінің құдіретімен жаратқан Жаратушымыз байлықты Өзі қалаған құлына береді. Алла Тағала: «Мұхаммед, айт. Әй, мүлік иесі! Кімге қаласаң мүлік бересің де, кімнен қаласаң дәулетті аласың. Сондай-ақ кімді қаласаң ардақтайсың, кімді қаласаң қорлайсың. Жақсылық сенің қолыңда. Шексіз әр нәрсеге күшің жетеді» («Әли-Имран» сүресі, 26-аят) – деп айтқандай бүкіл дүниенің иесі – бір Алла. Сондықтан бізге берілген әрбір нығметтің астарында бір үлкен жауапкершілік бар екенін әрдайым есте ұстаған абзал. Қасиетті Құранда: «Олардың малында қайыршының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының ақысы бар», – дей келе Алла Тағала: «Жүздеріңді шығысқа, батысқа қарату бір игілік емес. Бірақ кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және жақындарын, міскіндерді, жолда қалғандарды, қайыршыларды және құл азат етуді жақсы көре отырып, малын сарп қылса, әр намазды толық орындап, зекет берсе – солар нағыз тақуалар» («Бақара» сүресі, 177-аят) дейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Садақаның ең абзалы – мал-мүліктен берілгені», – деп мұсылман қауымын қайырымдылыққа шақырады. Қайырымдылық, жомарттық салтанат  құрған қоғамда әрдайым мейірімділік, сыйластық жоғары болады.

Сонымен қатар, өзін нағыз мұсылман санайтын адам жақсылықтың жаршысы болып, қоғамды жақсылыққа үндеу керек. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сендерден жақсылыққа шақыратын, сондай-ақ дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосатын бір топ болсын. Міне, солар – құтылушылар» («Әли-Имран» сүресі, 104-аят) деп мұсылман адамдардың қоғам алдындағы бар үлкен жауапкершілігін нұсқайды. Шынайы мұсылман өз ортасына тек қаржылай жәрдем көрсетіп қоймай, елді, жұртты жақсылыққа шақырып, айналасына құрметпен  қарап, қоғамдағы үлгілі тақуа  адам болу керек.

Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір адам бір жамандықты көрсе, қолымен кедергі етіп, өзгертсін. Егер қолымен тоқтатуға шамасы жетпесе тілімен, оған да күші жетпесе, жүрегімен кедергі етіп өзгертсін. Бұл – иманның ең әлсіз болғаны», – дейді. Яғни қоғамымызда болып жатқан кейбір бассыздыққа, әдепсіздікке, әділетсіздікке  көз жұма қарамай, оны жөнге салу, әділдігін  нұсқауы  – шынайы мұсылманның көркем мінезі.

Көркем мінезді мұсылман үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, қоғамда мейірімділіктің, сыйластықтың сипатын қалыптастыруға атсалысады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарды әрдайым үлкендерді сыйлауға шақырып: «Кішілерге мейірім, үлкендерге құрмет көрсетпеген бізден емес», – деп айтқан сөзінде үлкен тәрбиелік мән бар. Артымыздан ерген жас ұрпақтың бойына мейірімділіктің, әдептің дәнін себу – аға ұрпақтың басты міндетінің бірі. Әсіресе, ұлттық тәрбиеге ерекше көңіл бөлген абзал. Аға толқын жастарға тәрбие берумен қатар үлгі-өнеге көрсеткені жөн.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Онда араларын әділдікпен жарастырыңдар, туралық етіңдер. Расында Алла туралық істеушілерді жақсы көреді» («Хужурат» сүресі, 9-аят) деп, адамдарды шыншылдыққа, әділеттілікке шақырады. Қарап отырсаңыз, қоғамдағы кейбір өзара түсінбеушіліктің негізгі себебінің бірі – шындықтың аяққа тапталуы. Әділдік – қияметте аршының көлеңкесінде болатын жеті адам қатарына кіруге себепші ететін амал. Бұл жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Расында турашыл болғандар, Алланың құзырында нұрдан жасалған мінберлерге жайғасатын болады. Олар – үкім етуде отбасы мүшелеріне және өздерінің бағынышты жандарға әділ болғандар», – деп әділдікті өзіне ту еткен мұсылманның ақыретте алар сыйын атап өткен.

Сонымен қатар, әрбір мұсылман дүниесін көздің қарашығындай сақтау керек. Дін жолымен айтқанда, сеніп тапсырылған қазынаның дүниесі –аманат. Ал аманатқа қиянат жасау – дінімізде ауыр күнә. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Қоғамның малын тарату үшін бір адамды тағайындасақ, ол адам бізден бір ине немесе одан басқа затты жасырып қалса, аманатқа қиянат еткен болады» деп айта келе, қияметтегі ауыр азабы туралы қатаң ескертеді. Бұл хадистен алар тағылым үкіметтің затын әрбір адам аманат деп қабылдап, өз затындай сақтау керек.

Бірде бір адам кешке жақын Омар (р.а.) хазіреттің алдына келеді. Халифа Омар (р.а.) алдындағы май шамын өшіріп, екінші шамды жағады. Әлгі адам Омар (р.а.)  хазіреттен бір шамды өшіріп, екінші шамды жағуының себебін сұраған екен. Сонда: «Жаңа сен келгенде мемлекеттің жұмысын жасап жатқан едім. Ал сенімен сөйлесуім – өз шаруам. Сондықтан қазынаның мүлкіне қиянат жасамай, өзімнің ақшама алған шамды жақтым» – деген екен. Міне, осы ғибратты әңгіме әрбір мұсылманға ғасырлар бойы үлгі-өнеге болып келеді.

Қайда жүрсе де жақсылықта жарысып, көркем мінез иесі болуды өзіне мақсат еткен мұсылманның өзі өмір сүрген қоғамдағы алар орны да ерекше болмақ. Құлдарын ізгілікке шақыратын Алла Тағала: «Олар Аллаға және ақырет күніне сенеді. Дұрыстыққа бұйырып, тыйым салғаннан қайтарады. Әрі олар жақсылық істерде озат болуға ұмтылады. Міне, осылар ізгілерден» («Әли-Имран» сүресі, 114-аят) – деген екен.

Жақсылықта жарысып, еліміздің игілігі жолында аянбай еңбек етейік! Егемен еліміздің болашағы жарқын болып, қоғам мүддесін әрдайым жоғары ұстайық, ағайын!

Асқар МҰҚАНОВ,

Семей аймағының бас имамы