АБАЙ ТАНЫҒАН ТӘҢІРДЕН (АЛЛАДАН) БАСҚА «ТӘҢІРШІЛДІК» ЖОҚ

Қазақ үшін «тәңір» не мағына береді? Оған қандай ұғымды сыйдырамыз? Осы сұрақ сонау ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бері жиі қойылып, оған оқығандар әртүрлі жауап беріп, халықты екіұдай күйге түсіріп қойғаны жасырын емес. Бұл жерде мәселе жұрттың көп бөлігінде рухани иммунитеттің әлсірегеніне, мың жылдық мұрамызға атүсті қараудың белең алғанына т.б. факторларға байланысты.

Әңгімені ескінің есті сөзінен бастайық. Бұрынғы-кейінгі құлақта қалған батаның төресі «Тәңір жарылқасын!» еді. Осыдан ғасыр бұрынғы Алаш жазбаларында «түгенше деген азаматқа тәңір жарылқасын айтамыз» дегенді жиі ұшырастырамыз.

Ұлтқа рухани темірқазық сынды Абай өлеңінде Жаратқанның атауы – Тәңір, Алла, Құдай түрінде тең қолданылады. Мұны абайтанушылар жеріне жеткізіп талдап-таразылағаны да мәлім. Бізде бір қызық мифтер бар. Оның біреуін кезінде Францияда эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқай дәлелмен терістеген еді. Ол алыпқашпа сөз «Сондайда-сондай, мұсылман жұрты не істемеді, Александрия кітапханасы Омар шадиярдың (Омар ибн әл-Хаттаб) нұсқауымен сардар Әмір ибн әл-Асу бастаған мұсылман әскерінің 642 жылғы жорығында өртелген» дегенге сайыпты (өкінішке қарай бұл нақақ қаралау «Уикипедия» дерегінде әлі жүр). Бұл өтірік мифті М.Шоқай: «Бұл – екінші крест жорығында жеңілген христиандардың мұсылмандарға қарсы өшпенділік тудыру үшін ойлап табылған жаласы. Себебі Александрия кітапханасы 642 жылы Әмір ибн әл-Асудың жорығынан 250 жыл бұрын 391 жылы христиандардың қолымен өртеніп, жойылып кеткен» деп әшкерелейді.

Кеңестік түсінікпен әбден «жау іздеп» дағдыланған біздің біраз зерттеуші қазір «Қазақстан территориясындағы көне түркі ескерткіштері исламға кең жол ашқан Қарахан дәуірінде қасақана жойылды» дегенді оңды-солды айтып-жазатынды шығарды. Және бұған бір дәлелі жоқ. Нобай, долбар ғана. Сонымен дат ғалымы Вильгельм Томсен Түрік қағанатының бір жұрты Орхон бойынан табылған тас ескерткіштегі жазудың кілтін тауып, 1893 жылы 25 қарашада тұңғыш рет «Тәңірі» деген сөзді оқыды. Дәл сол шақта әлгі жұрттан үдере көшіп, Еуразия аймағын кең жайлаған сан миллион түркі тұқымы бұл сөзді емін-еркін қолданатын.

Рас, жалпы түркі ұғымында Тәңірі – Жаратқанның атауы. Егер адамзат Адам ата мен Хауа анадан (әлімсақтан) бері мұсылман десек, бұл – Жаратушы Иенің бір екенін меңзейтін ұғым. Бірақ ешқашан өз алдына бөлек дін, яки діни ағым бола алмайды. Осы атаумен «дін» жасаймыз деп жүргендер немесе оқу құралдарына «тәңіршілдік дін» (тенгрианство) деп енгізіп жібергендер – өзін де, өзгені де алдаусыратқан пенделер. Олар дінге қойылатын талапты біле тұра, осылай негізсіз қадамға барады. «Пайғамбары кім? Кітабы қайсы? Әулие-әнбиелері, діни тұлғалары, жүйе-тарамы кәне?» деп сұрасаңыз, бастауыш сыныптың баласындай жауап беретініне иманымыз кәміл.

Екінші бір мәселе – «тенгрианствоның» атауы жөнінде. Осы тақырыпты өзінше қаузап жүргендердің еңбегін ашып қалсаңыз, «Тенгир дин», «Тенгиршилик», «Tengricilik» деп білгішсінеді. Сондай-ақ Ш.Уәлихановтың байырғы наным-сенімге байланысты жазғанын өз концепцияларына бұрып түсіндіреді. Енді ептеп сарапқа салайық: қазақта да, әлемде де бір құбылысқа атау берудің мың жылдық тәжірибесі бар. Мысалы, кемі бес-алты ғасырдан бері біздің ұлт ұғымында Тәңір, Құдай, Алла атаулары тең қолданылады. Осы жүйеден қарап, «құдайшылдық», «аллашылдық» деген дін атауын көзге елестетіп көріңізші. Таза жасанды бірдеңе! Сонымен бірге «-шылық/-шілік» жұрнағының қалыптасқан тілдік регламенті (мәселен, егіншілік, тіршілік, кемшілік т.б.) бар. Мұны ретсіз жалғау жағымсыз, күлкілі жағдайға алып келеді…

Осыдан 10 жылдай бұрын Татарстаннан екі мүсәпір (жолаушы) сау етіп келе қалды. Еуразия университеті, Л.Н.Гумилев… ныспылы мекемеде қызмет істейтінімізді біліп, арнайы ат басын бұрыпты. Ағайын-туыс деп, өзімізше бәйек болып қарсы алдық. Кешікпей мақсатын білген соң, таңдандық та қалдық. «Біз, –  дейді олар, – тәңіршілдік дінін қалпына келтіруді қалаймыз. Бұл қозғалысты әлем дініне тең қарайтын Қазақстан бастаса деген ұсынысымыз бар…». Қолдарында өздері «монография» деп айдарлаған кітап пен киіз үй нобайындағы «ғибадатхананың» суреті… Біз бірден өз позициямызды жеткіздік. Қазақстан «ата дін», «ана тілі» деген ұғымға не сыйдыратынын айттық. Қазан татары Шигабутдин Маржанидан қырым татары Исмаил Гаспринскийге дейін қазақ зиялылары ой-аңсарларымен үйлескен рухани құндылықтардың тек-тамырын түсіндірдік. Сонда әлгі екі «татар» (ағайын ұлттың мүддесіне қайшы болғандықтан тырнақшаға алдық) не миф айтты?» дейсіз ғой. «Е, қазақ оқығандары, сендер де масонға жығылыпсыңдар!..». Міне, рухани танымдағы «комплекстің» кескіні.

Біздегі саны мен сапасы көсенің сақал-мұрты құралыптас «тәңіршілдердің» ой өрісі де осы бағдарда деп ойлаймыз. Бірақ ғалым ретінде бұл көзқарастан белгілі деңгейде «сабақ алуды» ұсынамыз. Ол не сабақ? Осы мәселегі екі-үш аяда қарау орынды. Атеизм заманында «тәңіршілдердің» бірінші толқыны біршама ағартушылық рөл атқарды. Ресми түрде Ресейдің материалист тарихшылары мен философтары айқындап берген «шаманизмді» зерттейміз деп, бейресми түрде «сол тұста ұлттың ұмытылған мәдени қабаты бар» деп, бірсыпыра нәтижеге қол жеткізді. «Ура, КПСС!» деп өзеуреп жүрген шақта бұл ел тарихына қатысты елеулі ізденіс болатын.

Орхон-Енесей жазба ескерткіштері ғылыми айналымға түсіп, халыққа жаппай насихаттала бастаған шақта (80-жылдар) ақыл-парасаты да орнында, тәлім-тәрбиесі де орнықты қазақ зиялысының көзқарасы мынандай еді: «Біз ежелгі түркі жазбаларындағы дүниетанымды – ұлт дүниетанымының бастауы деп білеміз. Ғалам жаратылысы туралы түсініктерді сол дәуірдегі әлемдік түсініктермен параллель жүргізіп қарастырамыз. Күлегін, Тоныкөк, Білге қаған т.б. құрметіне қойылған ұстын-ескерткіштердегі жазулар – сол заманнан жеткен жазбаша ортақ мұрамыз». Көрдіңіздер ме, бұл жерде «тәңіршілдіктің реконструкциясы» туралы әңгіме де жоқ. Мұны қоздатушыларды – шартты түрде «екінші толқын» деген дұрыс. Рас, осы идея қолдаушылар қатарында екі-үш танымал қаламгер болды. Бірақ олар «Алтайға барамыз», «Бұрханды іздейміз», «Тамырдан жанданамыз»  т.б. қисынсыз бастама көтеріп, айтқаны айтқан жерінде қалған жайы бар.

Осы бағыттағылардың «үшінші толқыны» – ұлт тарихын, байырғы рухани мұраларды аударма арқылы кеш оқыған және «тәңіршілдік» қазақ ұлтының өзіндік ерекшелігі» деген идеяның жетегінде жүрген, ана тілінен мақұрым маргинал-мамандар. Олар – дінтануға атеизм кафедрасынан «дәретін алмай» келгендер. «Оқулық жазу тапсырысын» орындауға қолы жеткендер. Егер бұлардың дәрісі мен баяндамасын тыңдасаңыздар, атеизммен кіндіктескен бір «жобаның» нәтижесі екеніне көзіңіз жетеді. Бұлар, мысалы, Түркия мен Өзбекстан ғылыми мінберінде бір сәт те тұра алмас еді. Әлбетте, адамдар қандай болса – қоғам да сондай. Сондықтан бүгінгі қоғам айнасына қарап, ешкімге ренжи алмаймыз.

Тағы бір ащы сабақ – Ислам ішіндегі алауыздыққа және қайсыбір қазақ діндарларының «өз бақытын өзге жұрттан табуына» қатысты. Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) исі мұсылманды бөлінуге емес, бірлікке шақыратын «алауыздық бола берсе, үмбетім 73 ағымға бөлінеді, біреуінен басқасы – тозақтық» деген хадисі міләди ХХ-ХХІ ғасырдың ақиқатын ашқандай. Кеше өз маңында 60-70 пайыз «атеистер шеруін» құрап жүргендердің біразы азаттықтың елең-алаңында дінге жығылып, арада 10 жыл өтпей бір-бірін ата жау көруі – «жаңа жаһилдік тұманда» адасқан қаздардың «тенгрианствоға» аңсарын аудырды. Бұл шындықты да шошынбай қабылдап, себебін тереңірек іздеуіміз қажет. Аз қазақты, кем бауырды «күл болмаса, бүл болсын!» дейтіндей жағдайда емеспіз.

Ел дәстүріне жанашыр азаматтар алда көп жұмыс тұрғанын сезінуі керек. Өзінің идеалистік ойын қоғамға танытындармен ашық алаңдарда пікірталасқа барғанымыз дұрыс. Білім бағдарламалары қайта қаралып жатқан тұста қағидатты (принципті) мәселеге жауапты орындардың көзін жеткізе білгеніміз мақұл. Абай таныған Тәңірден (Алладан) басқа «тәңіршілдік» жоқ. «Тәңіршілдік дін» деген – ұлт танымына, ел дәстүріне қиғаш, негізсіз түсінік. Бұл – ғылымға және ғылыми анықтамаға жат пайым. Бұған сәт сайын қоғамның көзі жетіп келеді.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі

 

«Мұнара» газеті, №10, 2020 жыл