Бородулиха аудандық мешіті күрделі жөндеуден өтті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай 30 игі іс-шара аясында Семей өңіріне қарасты, Бородулиха ауданындағы Қарбай мешіті күрделі жөндеуден өтті.

Имандылық пен парасаттылыққа, сауаттылық пен адалдыққа толы «Алланың үйі» 1991  жылдан бері талай жамағатты асыл дініміздің құндылықтары мен рухани нәріне сусындатып, қызмет етіп келеді.

Бүгінде келушілер легі жетерлік. Жастардың да имандылыққа бет бұрғаны, қарттардың да азан шақырып, баталы болғаны кімді де болсын қуантары анық. Ғимараттың жөндеу жұмыстарына жауапты болып, игі істің жүзеге асуын ұйымдастырып, басы-қасында жүрген мешіт бас имамы Әріпжан Қожанұлының айтуынша жөндеу жұмыстарына  4 000 000  қаржы жұмсалған. Қолдау көрсету аудан тұрғындары мен жомарт жандар және демеушілер арқылы іске асты.

2020 жылдың мамыр айынан бастау алған жөндеу жұмыстары сәтті аяқталды. Мешітке жаңа жайнамаз төселіп, люстралары жаңартылды. Ерлер мен әйелдер дәретханасы, мешіт сырты әрленіп, шатыры толықтай жаңартылды.

Бас имам Асқар Әбітайұлы мешіттің құрылысына белсенді атсалысқан демеушілер мен жомарт жандарға алғыс хат тапсырып рахметін жеткізді.

–Алла үйін салған адамдарға қатысты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды». Ислам тарихында мешіт салу – барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі іс болған. Діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай өңірімізде атқарылар 30 игі іс-шара осымен тоқталмақ емес, – деді  Бас имам А. Әбітайұлы.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.