ҮМІТСІЗ ШАЙТАН ҒАНА…

Үміт – әлемдердің Раббысы, үстем құдіреттің Иесі Жаратушыдан медет тілеу. Әсіресе, адам баласы өзінің қимасын жоғалтқанда немесе бір игілікке қол жеткізе алмаған кезде, яки жамандықтан арыла алмай, алдағы күннің сәулесі өше бастаған шақта үміт – адам баласын әуелете тік көтеріп әкететін пырақтай. Үміт арқылы адам өзінің шамасы келмейді деп ойлаған нәрселерге де қол жеткізеді.

     Үміт сенімнен туындайды. Жаратушының жәрдеміне иман келтірген жан әрқашан келешекке үмітпен қарайды. Үмітсіздік адамды күйзеліске ұрындырып, келешегін тұмшалайды. Бұл дүниеде өмір сүруге деген ынта-ыждаһатын, ерік-жігерін, құлшынысын жояды. Жеке адам да, қоғам да сол үміттің, келешекке деген сенімнің арқасында алға басып, дамиды. Үмітсіздік – үнсіз жұтатын тұңғиық іспетті. Адам қанша қарманбақ болса да, еш нәрсеге қол іліктіре алмай, батқан сайын бата түседі. Үміт арқылы қиын белестерден қиналмай асып, биік шыңдарға шығуға болады.

     Қазақта «үмітсіз – шайтан» деген нақыл сөз бар. Бұл сөздің астарында терең мағына жатыр. Қазақтың бұл сөзі асыл дініміз Исламнан бастау алатындығы анық. Мұсылман баласының еш уақытта үміті, күдері үзілмеуі керек. Алладан үмітін үзу – ең үлкен күнәлардың қатарына жатады. Өйткені Құранда: «Раббыңның рақымдылығынан адасушылардан басқа кім үміт үзеді?», (Хижр, 56) – дейді.

Қазіргі таңда үміттің үзілуі жайлы көп айтылғанымен оның себебі неден бастау алып жатқаны ескерілмей келеді. «Баланы жастан» демекші әрбір шаңырақта баласын жігерлендіріп, әрбір сәтсіздіктің арқасында адам шыңдалатындығын, әрбір құлаудан кейін қайта тұру керектігін үйрету керек. Өйткені жігерлі болу, қайратты болу мұсылманға қажет қасиет. Сонда ғана ертеңгі күні өмірінде кездесетін түрлі сынақтармен қиыншылықтарға мойымай, жеңіп шыға алады. Құран кәрімде: «Бір қиыншылықтан кейін жеңілдік бар, бір қиыншылықтан кейін тағы бір қуаныш бар» деген аят бар. Осы аят түскен кезде ардақты Пайғамбарымыз: (салаллаһу алейһи уә сәлләм) «Екі жақсылықты бір қайғы жеңе алмайды» деп, екі аятта да сөздер қайталанған іспетті болғанмен, ол жерде бір қиыншылық айтылып тұрғандығы, ал жеңілдік екі бөлек етіп, екі қуаныш айтылып тұрғандығын жеткізіп, біздерге аяттың астарын түсіндіреді.

     Құранда адамды жігерлендіре түсетін, өмірдегі түрлі қиыншылықтарға тап болған кезде қуат алатын қиссалар баян етіледі. Солардың бірі Юсуф (алейһиссалам) қиссасы. Юсуф (алейһиссалам) көптеген қиыншылықтар көреді. Өзінің туған бауырлары оған қастық жасап, көре алмаушылықпен иен далаға тастап кетеді. Сусыз құдықта қалады. Әкесі хабарсыз, басқа ешкім оған көмектесе алмайтын кезде, ол Алладан күдерін, үмітін үзген жоқ. Патшаның сарайында құл болып жүрген кезде де жала жабылып қапасқа түседі. Бірнеше жылдар түрмеде отырды. Барлық қиыншылықтарда тек қана өзін жаратқан Иесінен ғана медет сұрап, жалбарынады. Нәтижесінде, құл боп барған елдің сұлтанына айналды. Бауырлары да оған құрмет көрсетіп, құзырына келді. Міне, бұл қиссадан мұсылмандар ғибрат алуы керек.

     Үміт − Құдіреті шексіз Алла Тағаланың рақымдылық пен кешірімінің кеңдігіне сену. Алла Тағала Құранда: «Менің рақымым барлығын сыйдыратындай өте кең» (Ағраф, 156) дейді. Ал Пайғамбарымыз бір құдуси хадисте «Алла Тағаланың мейірімі азабынан үстем» екендігін айтады (Бухари, Тәухид, 15,22; Муслим, Тәубә, 14). Әнастан жеткен бір хадисте: «Алланың елшісі өлім аузында жатқан жас жігіттің қасына барып одан: «Өзіңді қалай сезініп жатырсың?» – деп сұрады. Ол: «Уа, Расулаллаһ! Алланың мейірімінен үмітім бар, алайда күнәларымнан қорқамын»,- деп жауап береді. Пайғамбарымыз: «Осындай жағдайда бір құлдың жүрегінде үрей мен үміт бар болса, Алла үміт еткен нәрсесін міндетті түрде беріп, қорыққанынан сақтайды» дейді. (Тирмизи, Жанаиз, 11).

Міне, Алланың сүйікті құлдарының өмірінен алатын үлкен сабақтар арқылы өмірде кездесетін қиыншылықтарда үмітсіздікке түсуге болмайтынын білдік. Перзент көрмей жүрген отбасылар, оқуға түсе алмаған жастар, ауруынан айыға алмай жүрген жандар бар. Бұл кісілер еш уақытта үміттерін үзбей, Алла тағала бір есікті жапса, көптеген ризығының есігін ашатынын білсін.

     Әділ халифа хазіреті Омар: «Бір адамның жаннатқа, қалғандарының тозаққа кететінін білсем, жаннаттық адам мен емес пе екем деп үміттенемін. Бір адамның тозаққа, қалғандарының тегіс жұмаққа баратынын білсем, тозақтық сол адам тағы да мен емес пе екем деп қорқамын» деген ұлағатты сөздері, үміт етудің биік шыңын көрсетсе керек.

Абу Мұхаммед